Қазіргі күні қазақ диаспорасы әлемнің елу шақты елінде бар деп саналады. Меніңше, олар дүние жүзінің одан да көп өзге де аймақтарында бар деп есептеймін. Мысалы, қазіргі күні бейресми деректер бойынша АҚШ-та шамамен елу мыңнан ширек миллионға дейін Қазақстаннан шыққан азаматтар бар деп саналады. Ал, оның қаншасы Қазақстан азаматы, нешеуі АҚШ азаматтығын алған бұрынғы отандастарымыз екені беймәлім. Және ол санның ішінде нақты қазақтар қанша екенін білмейміз.
Мәселен, Чехия, Польша, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтар саны әрбірінде 5 000 шамасында, басым бөлігі қазақтар деп ойлаймын. Сол сияқты, қазір Түркияға қазақтардың, оның ішінде, Қазақстан қазақтарының қоныс аударуы көрші ауылға көшу сияқты болып қалды. Тіпті, Анталия сияқты туристік аймақтың өзіне ресми емес деректерге қарағанда 10-20 мың Қазақстан азаматы көшіп барған. Оның көпшілігі қазақ ұлтынан деп жобалаймын.
Дегенмен, мен мына бір жайтқа мән бергім келеді. Егерде бұрынғы қазақ диаспорасы өз ерікінсіз өзге елдерге кететін болса, қазіргі қазақ диаспорасы, әсіресе, Қазақстан қазақтары жоспарлы түрде шетелге кетіп, көптеген мемлекеттерге орнығуда. Оның ішінде, уақытша және ұзақ мерзімді еңбек көші-қонына да назар аударуымыз керек. Мысалы, Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтары 50-60 мыңның төңірегінде деп саналады. Алайда, оның ішінде, қанша проценті қазақтар екенін тағы белгісіз.
Мен тек шамалап қана айта аламын, мысалы, Ресейді алайық, солтүстік көршіміздегі біздің еңбек мигранттарының саны шамамен 500-600 000 деп долбарлаймын. Бәлкім сандар одан да көп болуы мүмкін. Дегенмен, Қазақстан азаматтарының орыс тілін білуі, өз еліміз бен Ресейде еркін қозғалуы, шекарада мәселе туындамауы менің болжамым бойынша Ресейдегі Қазақстан азаматтарының, оның ішінде, қазақ жастарының саны анағұрлым көп болуы мүмкін. Ресейде оқитын Қазақстан жастарының өзі 70 мыңның шамасында, Ресейдегі шетелдік жастардың үштігіне кіреді. Меніңше, Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын Қазақстан (оның ішінде, қазақ) жастарының саны анағұрлым көп деп болжаймын.
Бұл ретте, кері процесс де жүруде. Кейбір дерек көздері Ресейден Қазақстанға уақытша қоныс ауданғандардың саны 560 000 шамасында дейді, тағы оның ішінде, этникалық қазақтар қанша екені мен үшін беймағұлым. Дегенмен, бұл сан бойынша басқа дерекке тоқталуды жөн көрдім. Мысалы, 2022 жылдың жеті айында Қазақстанда ЖСН алған 200 000 шетелдіктің тек 74 371 ресейліктер екен, керісінше, Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірін алған өзбек азаматтарының саны 91 454 болған. Тәжіктер 7 896 болса, қырғыз ағайындар мен украиндар тиісінше бар болғаны 4 470 және 1 520. Яғни, бұдан шығатын қорытынды Қазақстанға келіп жатқан шетел азаматтарының ішінде ресейліктерден гөрі Өзбекстан азаматтары көп болып тұр. Және, осы келіп жатқан Өзбекстан азаматтарының ішіндегі этникалық қазақтардың санын дөп басып айту қиын.
Жалпы, тарихи Отанына оралған қазақтардың басым көпшілігін Өзбекстаннан келген қазақтар құрайды (процентке шағатын болсақ 72 процент). Дегенмен, қазіргі уақытта Өзбекстан қазақтарына қатысты екі факторды айтпасақ болмас. Бірінші, Өзбекстан қазақтарының Қазақстанға оралуы бұрынғы жылдармен салыстырғанда күрт азайған, оған себеп, елдің экономикалық өсуі. Екінші, Қарақалпақстанда орын алған жағдайдан кейін ол жақтағы қазақтардың атамекенге оралуына талдау жасау керек.
Дегенмен, атамекенімізге оралған қандастардың ең әуелі экономикалық себептерін ескерген жөн.
Жалпы, Қазақстанда сыртта тұратын қазақтардың бәрі бізден кеткен, Отанын қиын-қыстау шақта тастап кеткен деген жаңсақ пікір бар. Шын мәнінде, Қазақстанмен іргелес елдерде тұратын қазақтардың бәрі өз ата-мекенінде отыр. Әртүрлі саяси-тарихи себептерге байланысты қазіргі уақытта халқымыздың үштен біріне жуығы Қазақстаннан жырақта қалып отыр. Ол туралы Меңдіқұлова деген ғалымымыз мынадай пікір айтқан болатын: «Қазақстанмен іргелес Ресейдің (Астрахань, Орынбор, Қорған, Омбы облыстары, Алтай өлкесі, Алтай Республикасы), Өзбекстанның (Сырдария, Шыршық, Қызылқұм, Мырзашөл жерлері) және Қытайдың (ШҰАР-дың Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжа, Еренқабырға, Баркөл-Құмыл өлкелері) аумақтарында тұратын қазақтар өз тарихи аумағында қоныстанып отыр.».
Ресейде қазақтар негізінен Қазақстанмен шекаралас аймақтардың бәрінде, яғни Алтайдан бастап Астраханьға дейінгі жерлерде тұрады. Ең алдымен мына мәселенің басын ашып алуымыз қажет, жалпы сырттағы қазақтардың басым көпшілігі өз ата-қоныстарында отыр, бұл әрине Ресей қазақтарына да қатысты. Ал атамекенінен тысқары кеткен қазақтар Әлемнің қай түпкірінде жүрсе де сол елдерде, мысалы, Стамбұлда «Қазақкентті», Ауғанстанда «Қазақ сарайын», Үндістанда «Қазақабадты», Ресейде «Қазақ ауылын» салды.
Ресейде тұратын қазақтарды өңірлер бойынша таратып айтатын болсақ ең алдымен, Астрахань, Орынбор, Омбы, Саратов, Волгоград, Челябі, Самара, Қорған, Түмен, Новосібір, Мәскеу, Свердлов, Ростов, Томск облыстарында, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында, Қалмақстан, Башқұртстан, Саха, Татарстан, Алтай республикаларында және Алтай мен Краснояр өлкелерінде де тұрады.
Ресей халықтарының ішінде саны жағынан қазақтар алғашқы ондықтың ішінде (ал Ресейдегі түркі халықтарының ішінде татарлар мен башқұрттардан және чуваштардан кейін төртінші орында тұр). Жалпы саны 800 мыңнан 1,5 млн.-ға дейін (Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің дерегі), Ресей тарабының айтуынша Ресейдегі қазақтар саны 648 мыңның төңірегінде (2010 жылғы дерек). Әрине Ресейдің әуелден қазақтардың санын азайтып көрсететін дағдысы бар. Ол бөлек әңгіме. Ресейдегі қазақтар саны жөнінен дүние жүзіндегі қазақтардың саны бойынша Қазақстан (13 750 000 астам) мен Қытайдағы (2 700 000) және Өзбекстандағы (2 000 000 миллион) қазақтардан кейінгі төртінші орын алады.
Ресей қазақтарының орта жасы 30,2 құрайды (ал ол орыстарда 37,6 жас). Шамамен қазақтардың 67,5 % ауылдық жерлерде тұрады (орыстардың тек 23,3 %), яғни өсу әлеуеті бар деген сөз. Әрине ауылдық жерлерде тұратын қазақтардың басқа ұлттармен араласуы сирек, алайда қалалық жерлерде тұратын кей қазақтардың арасында аралас некеге тұрғандар да бар.
Ресей қазақтарының басты проблемасы ол — дәл Қазақстандағыдай тіл мәселесі. Жалпы алғанда қазақтардың жоғарыда аталып өткендей 70 пайызға жуығы ауылда тұратын болғандықтан (және көбінесе таза қазақ ауылдары) қазақ тілі жақсы сақталған деуге болады. Бірақ Ресей қазақтары өкінішке орай мектептерде өзге тілде сусындайды. Егер, Астрахань облысында бұрын 74 мектепте, Орынбор облысында 18 мектепте, Саратов облысында 6 мектепте, Омбы облысының Қоянбай ауылында, Самара облысында қазақ тілі факультативті түрде оқылып келген болса, қазіргі күні Астрахань облысының 55 мектебінде ғана факультативті түрде оқытылады, Орынбор, Саратов, Самара, Омбы облыстарында да жағдай осыған ұқсас. Ресейдің басқа да өңірлеріндегі бірлі жарым мектептерде қазақ тілі факультативті түрде оқытылады. Ал енді, Орынбор, Астрахань, Саратов, Омбы облыстарындағы қазақтардың саны әрбірінде 200 000 бастап 100 000 адам аралығын құрайды. 150 000 қазақ тұратын Байөлке (Монғолия) қазақтарында 40 шақты таза қазақ мектебі бар. Осындай пропорция бойынша Ресейдің әр облысында қанша қазақ мектебі болуы керектігін есептеп көріңіз. Деректер бойынша алып Ресейде соңғы таза қазақ мектебі де жабылған!
Осының өзі өте қатты ойланатын жәйт. Әрине кейбіреулер әуелі Қазақстанда жағдайды түзеп алуымыз керек деуі де мүмкін. Бірақ тілсіз ұлттың болашағы жоқ екені бәрімізге аян болғандықтан, енді шамамен 100-150 жыл көлемінде Ресей қазақтарынан айырып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, Ресей Үкіметінен қазақ мектептерін ашуды талап етуіміз қажет. Мен бұл жерде факультативтік пән ретінде оқылатын қазақ тілін айтып отырғаным жоқ. Қазақстандағы саны тіптен аз халықтардың өзінің ана тілінде мектептері бар екенін еске түсіріп көрейікші? Бізде қаншама одан басқа әрбір диаспораның жексенбілік мектептері тағы бар. Білім және ғылым министрлігі бұдан хабардар деп ойлаймыз.
Енді Ресейдің әр өңірі бойынша қазақтарға шолу жасап көрейік.
1996 жылғы 17 маусымда Ресейдің «Ұлттық мәдени автономиясы туралы» Федеральдық заңына сәйкес Ресей қазақтарының қоғамдық бірлестіктерінің өңірлік мәртебесі бар 5 ұлттық-мәдени автономиялары құрыла бастады. Олар Қорғанда, Мәскеуде, Омбыда, Самарада және Татарстанда құрылды. Жалпы алғанда қазақтардың 20-дан астам қоғамдық бірлестіктері жұмыс істеді. Сонымен, 2005 жылдың 6 желтоқсанында Самарада Ресей қазақтарының құрылтайы өткізілді.
Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамы, «Мұрагер», Санкт-Петербургте «Атамекен», Самарада «Ақжол», Алтайда «Ата мұра», Челябіде «Бірлік», Омбыда «Мөлдір», Екатеринбуг, Мурманск қалаларында, Татарстан, Саха Республикаларында және т.б. көптеген аймақтарда қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі — Самара қазақтарының «Ақжол» қоғамы өздерінің тиімді жұмыс істеуі үшін ғимарат салып беру туралы Қазақстан Үкіметіне өтініш хат жазғандарына қарамастан, жабулы қазан сол күйінде қалуда. Өз арамыздағы өзге ұлттарға қамқоршыл Қазақ Үкіметі сырттағы қазақтарды кеудеден итеруге қашан да құмар.
Ресей қазақтарының ішінде ерекше орын алатын Алтай Республикасының Қосағаш ауданын атап өтуге болады. Ресей құрамында болғанына қарамастан салт-дәстүрі мен тілі жақсы сақталған дәл осы Қосағашымыз. Қосағашта Ресей қазақтарының кіші құрылтайы да өткізілді.
Соңғы кезде Қазақстандағы қандастарымыз өзге дінге өтіп кетіп жатса, Алтайдың Усть-Кан ауданындағы бірнеше ғасыр бұрын христиан дініне өткен қазақтар (Усть-Кан қазақтарының саны 5 мың төңірегінде) ислам дініне қайта оралуда. Бұл да бір зерттеуді қажет ететін тақырып.
Солтүстік көршіміздің Астрахань облысынан бастап Қазақстанмен шектес өңірлерінің Алтайға дейінга аумағында жүздеген мың қандастарымыз тұрып жатыр. Кезінде Мұхтар Әуезов былай деген еді: «Қазақстанмен іргелес жатқан ресейлік Орынбар, Астрахань, Волгоград, Саратов, Куйбышев облыстарында ия замануаи қазақ мәдениетіне, ия орыс мәдениетіне тартылмаған, мал бағатын, егін егетін миллионға жуық қазақ тұрып жатыр». Қазіргі күні ол қандастарымыздың жағдайы қатты өзгермеді десем артық айтқандық болмас. Мысалы, облыс халқының 20 процентін құрағанымен, Астрахань қазақтары арасындағы «арнайы операция» кезінде қаза тапқандар саны 80 процентке жеткен. Ресейдің өзге де өңірлерінде осындай жағдай. Сондықтан, бәлкім оларды, яғни, әскер жасындағы қазақ жастарын Қазақстанға әкелу керек болар, тек, Ресейдің үгіт-насихатынан аман қалғандарын шақырту қажет.
Ресей қазақтары қазақ тіліндегі мектеп-балабақшадан мақұрым, сондықтан, мүмкіндік болса Ресей қазақтарын Қазақстанға көшіру қажет, бұл ретте, олардың өз тарихи жерлерінде отырғанын ескеру керек.
Және, мемлекет тарапынан Ресейдегі қазақ диаспорасын қолдау өте маңызды.
Енді, қандастарымызды Ресейдің аймақтары бойынша саралап көрейік.
Челябі облысы
Сонымен, өзім Қостанай облысының тумасы болғандықтан бізбен іргелес Ресейдің Челябі, Орынбор облыстарымен аралас-құраластығымыз бар. Сондықтан, Челябі қазақтарына тоқтала кетсем.
Әуелі, Челябі шаһарының атауына қатысты бір нұсқаны айтайын. Сәлімбай деген қазақтың ауылы Челябі төңірегінде көшіп жүріпті, ағайынды халықтардың арасында кейде өзгелердің іріткі салуымен араздық та болатыны шын. Сонда, Сәлімбай қазақ пен башқұрт туыстардың тілін тауып, құрметке бөленіпті деседі. Кейін, Сәлімбай би деп аталып кетіп, жер атауы соған байланысты қойылыпты. Бұл көп нұсқаның бірі ғана, дегенмен, Челябі қаласының елтаңбасында түйенің бейнеленуі оның көшпенді жұрт (башқұрт-қазақ) жерінде салынғанын айғақтап тұр. Аайтқандай қаланың негізі қаланғаны 1736 жыл болатын.
Тағы да біздің жұрттың осы өңірде (Челябі облысында) бұрыннан тұратынына айқын дәлел ол қаншама жер-су атауларының сақталып қалуы, мысалы, Жабық Қарағай орманы, Сынтасты, Найза, Кесене, Қарағайлы Аят, Тоғызақ деп кете береді. Кесене мен Мұнанай туралы бұрын жеке екі мақала жазсам, Ресей қазақтары мен жер-су атаулары туралы бұрын бір-екі мақала жариялаған болатынмын.
Сонымен, жоғарыда айтқандай, сыналай кірген отарлаушылар енді қазіргі Троицк (кезіндегі қазақ жері, Мұнанай деген қала, оның ар жағында «Бағлан» деген атаумен Звериноголовск бар) пен Орск (Жаманқала) арасында бекіністерін салып, іргелерін бекіте түседі (ол «Жаңа желі» деп аталады).
Сәбит Мұқановтың әңгімелерінің бірінде аталатын Бағлан ғой, ол туралы кезінде атамыз Тәйпен би Шеген биге:
«Бағыланда» қымбат болды ұнның бұты,
«Бозайғырдай» болар ма қыстың жұты?
Байлаулы қап түбінде кетіп едің,
Келдің бе аман-есен, елдің құты?! — деп хал-жағдайын сұрасқаны есіме түскені. Бұл Шеген бидің қазақ даласында Оренбургское бекінісін, яғни, кейінгі Торғай қаласын салдыртпаймын деп қарсы шығып жүрген кезі еді.
Негізгі тақырыпқа қайта оралайын. Сонымен, Жаманқала мен Мұнанай арасындағы қазақ жерлерін «игеріп», ол жерге өздерінің Еуропадағы «жеңістерін паш еткендей» Кассель, Фершампенуаз, Париж, Требия, Кацбах, Чесма, Варна атаулы елді-мекендерді салған еді.
Дегенмен, мақсат өткеннен сабақ алу ғана.
Енді, өңірдегі жер-су атауларына тоқталайын.
Челябі (Челябинск), Шұбаркөл (Чебаркуль), Оралтау (Уралтау), Үй (Уй), Құнашақ (Кунашак), Ай, Тоғызақ (Тогузак), Қарталы-Аят (Карталы-Аят), Алабұға (Алабуга), Алакөл (Алакуль), Ақшакөл (Акчакуль), Қаған (Каган), Қарашай (Карачай), Құмкөл (Кумкуль), Табанкөл (Табанкуль), Тереңкөл (Теренкуль), Ұзынкөл (Узункуль), Қарағай (Карагай), Қаратабан (Каратабан), Қарабұлақ (Карабулак), Сырт, Ноғайбақ (Нагайбак) Қаракөл (Каракуль), Қаратау (Каратау), Тоғызақ (Тогузак), Арқайым (Аркаим) атауларына қарап та Челябідегі қазақша жер-су аттарының қаншалықты бұрмаланғанын көруге болады.
Челябі облысындағы қандастардың саны 2011 жылғы деректер бойынша 40 мыңнан асыпты, отандастарымыз облыстың негізінен Бреды, Варна, Қарталы (Карталы), Қызыл (Кизиль), Ноғайбақ (Нагайбак), Троицк, Чесмен, Октябрь, Агапов, Верхнеурал, Үй (Уй) аудандарында тұрады. Оның ішінде, Челябі қаласында қандастардың саны 2010 жылғы дерек бойынша 3 000 адам, Магнитогорск қаласында 4130 адам (айтқандай, осы Магнитогорск маңы кезінде Қыз Жібектің жұрты еді), Троицкі қаласында 1500 адам, Южноуральск, Карталы, Пласт, Верхнеуральск сияқты өзге де қалаларда едәуір қазақ диаспорасы өкілдері тұрады. Жалпы, Челябі облысында негізінен арғын мен қыпшақ, уақ пен жағалбайлы, тама мен телеу және әлімұлы сияқты ру-тайпаларының өкілдері көбірек кездеседі.
Бауырластардың көпшілігі ауылдық жерлерде тұрғанымен, өңірдің саяси-әлеуметтік және қоғамдық өміріне белсене араласып (әсіресе соңғы жылдары) ағайындар арасында аудан әкімі деңгейіне дейін жеткен қандастар бар.
Челябі жерінде, яғни іргелес өңірде қазақ мәдениетінің айқын көрінісі болып – атақты Арқайым, Кесене, Сынтасты ескерткіштері тұр. Осы Челябі облысы жерінде, дәлірек айтсақ, Троицкіде (Мұнанайда) 1911 жылы алғашқы қазақ журналы «Айқап» ашылып еді. Мұнда, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов оқыса, Сәбит Дөнентаев пен Сәкен Сейфуллиндер «Айқап» журналында шығармаларын жариялатып отырған болатын.
Челябі облысымен Қостанай облысы шекаралас болғандықтан алыс-беріс, қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Білетінім Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасы Челябі облысындағы қандастарымызды кітаптармен, әдістемелік құралдармен, қазақ тілі оқулықтарымен қамтамасыз етіп жүр. Былайша айтқанда, қолдарынан келген көмегін аямайды, ал, жергілікті ағайындардың қоғамдық білдестіктері де қал-қадірінше жұмыс істеп жатыр.
Астрахань облысы
Мұнда тұратын қазақтар облыс халқының саны бойынша екінші орын алады, Қазақстанмен шекаралас аудандардағы қазақтар сол өңірлердің (мысалы, Володар, Краснояр т.б аудандарында) басым халқы болып саналады. 2005 жылы Астрахань педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша кадрлар даярлана бастады. «Жолдастық» қазақ мәдени орталығы Астрахань облысында өтетін барлық мәдени іс-шараларды ұйымдастырады. Алтынжар ауылында дәулескер күйші, ұлы композитор Құрманғазы Сағырбайұлы жерленген. 1996 жылы Қазақстан бөлген қаржыға Құрманғазының кесенесі қайта жөндеуден өткізілді. «Ақ арна» газеті шығарылып тұрады.
Астрахань қаласының атауы кезінде Қажы тархан атауының бұрмаланып сақталып қалған түрі. Камызяк ауданы – қазақ тіліндегі Кұмөзек екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Ақтөбе (Ахтубинск), Басқұншақ (Баскунчак), Алтынжар, Табын арал (Табун-Арал), Шолпан (Чулпан), Жаңа ауыл (Жана-Аул), Шаған (Чаган), Ақсарай (Аксарай), Байбек, Алға (Алга), Бозан (Бузан), Жанай (Джанай), Сасықкөл (Сасыколи), Ашылық (Ашулук) атаулары Астрахань облысында сақталып қалған қазақ тіліндегі атаулардың жұрнағы. Волга өзені түркі тілдерінде Еділ екенін де еске сала кеткенді жөн көреміз.
Сонымен бірге жалпы Ресейдегі Азау (Азов), Дөң (Дон), Құбан (Кубань) атауларының түркі тілдерінен шыққанын білмеуіміз де мүмкін.
Астрахань облысындағы қазақтардың саны 160000.
Орынбор облысы
Енді, Орынбор қазақтарына азды-көпті тоқтала кетсем.
Бұрын Орынбор қазақтарының 14 әртүрлі қоғамдық бірлестіктері болған болса, қазіргі күні олар Орынбор өңірінің «Ақ жайық» қазақтар қауымдастығына бірігіп отыр.
Орынбор қаласы қазақ халқы үшін өте ыстық. Қазақстанның кезінде астанасы болғаны мәлім. 1929 жылы Қазақстаннан бөліп алынып Ресейге тікелей берілді, осының кесірінен Еділ өзені – Орал таулары бойындағы татар-башқұрттармен шекарамыз ажырап қалды.
Орынбор қаласы кезінде Әбілхайыр хан кезінде салынған қала екені, Ресейдің шығысқа шығатын қақпасы болғанын білеміз. Қазақ ономастикасына қатысты Орынбор (Оренбург), Ор (Орск), Адамау (Адамов), Жетікөл (Жетыколь), Елек (Илек), Ақбұлақ (Акбулак), Қуандық (Кувандык), Бұзылық (Бузулук), Құрманай (Курманай), Тереңсай (Теренсай), Шілде (Шильде), Базартөбе (Базартюбе), Қарақұдық (Каракудук), Қарасай (Карасай), Тамдысай, Тоқай (Тукай), Қарағаш (Карагач), Түйетас (Дюяташ), Ақсақ (Аксак), Меңдібай (Мендыбаевское), Жарбұтақ (Жарбутак), Қарағанды (Караганда), Мамыт, Ащыбұтақ (Ащебутак), Сырт, Жаман (Яман), Айдарлы, Таналық (Таналык), Қайрақты (Кайракла), Әлімбет (Алимбет), Азамат, Наурыз (Наурузовский), Қаракөл (Караколь), Обалыкөл (Обалыколь), Биіктас (Биктас), Тастыкөл (Тастыколь), Қоскөл (Коскуль), Алмалы, Шарлық (Шарлык), Сарманай, Ақжар (Акжар) сиқты өзен-көл, ауыл-қала атауларынан нағыз өз жеріміз екеніне нақты көз жеткіземіз.
Қазақ тарихында Жаманқала деген атпен белгілі Орынбор облысындағы Орск қаласын бәріміз де білеміз. Ресейдің Орынбор облысындағы екінші үлкен қала. Орскінің іресінде қазақ ауылдары әлі де бар. Өзгенің иелігінде қалған жерлеріміз ғой….
Ресей империясы жаңа жерлерді басып алған кезде сол жерлердің тарихи атауларын өшіріп отырған ғой, болмаған күнде бұрмаланып қалады. Мәселен, Кавказдағы Пятигорскіміз қарашай-балқар тіліндегі Бештау екенін көбіміз білмеуіміз де мүмкін. Сол сияқты Татарстандағы Яр Чаллы қаласы орыс тілінде Набережные Челны болып жүргені бәрімізге мәлім. Мәселен, Қарақалпақстандағы Кунград қаласын «град» орыс тіліндегі қала ал, «Кун» нені білдіреді деп бала кезімде бас қатырып жүрсем, өзіміздің Қоңырат атауы екенін кейін білдім.
Заманында қазақ жұмысшыларына арналған «Магнитогорск жұмысшысы», Мәриям Хәкімжанова жұмыс істеген «Екпінді» атты газеттер шығып тұрып еді….
Жаңағы Орск пен Магнитогорскіде әлі де тиісінше 13000 және 4000 астам қандастарымыз тұрып жатыр. Ал, Орынбор облысында 2010 жылғы дерек бойынша шамамен 120 000 туысқандар тұрады, олар саны бойынша өңір халқы саны жөнінен үшінші орын алады.
Волгоград облысы
Қандастарымыздың әдәуір бөлігі тұратын Волгоград облысына да тоқталайық.
2000 жылдың ақпанында Волгоград облысында қазақтардың «Қазақстан» қоғамдық бірлестігі тіркелді.
Кезінде отарлаушылар ұлттық атауымызды бұрмалап, «киргиз-кайсаки» деп атағаны белгілі, шындығында әлі «qazaq» емес «казах» болып жүрміз.
Дегенмен, айтауын дегенім бұл емес еді, 1950 жылға дейін Ресейдің Сталинград облысында (қазіргі Волгоград облысында) Кайсацкий деген аудан болыпты. Бұл не қылған Кайсацкий ауданы деп зерттеп көрсем, қазірі Палласов ауданы екен. Волгоград облысындағы ең үлкен және халқының жартысы қандастарымыз.
Жалпы, тағы бір дерек. Волгоградтың бұрынғы атауы Царицын, яғни Сарысудан шыққанын ұмытпайық. Негізі, біз кейде бір нәрсені ұмыта берейміз. Ол — сырттағы диаспора мықты болса, олар біздің тірегіміз екендігі.
Волгоград облысы аумағынан Орта Ақтөба (Средняя Ахтуба), Ақсай өзені (Аксай), Эльтон, Қайсақ (Кайсацкое), Торғын (Торгунское) сияқты атауларды кездестіреміз.
Айтқандай, Волгоград облысын Еділ өзені бөліп тұратын болса, соның бергі беті біздің жұрттың атақонысы, сондықтан да облыс халқының саны бойынша қандастарымыз екінші орында!
Саратов облысы
Осындағы ағайындарға тоқталайық.
Сарытау (Саратов), Өзен (Узень), Қарабұлақ (Карабулак), Ақтөбе (Ахтуба), Алғай (Алгайское) атауларына қарап әлі де қазақ тіліндегі атауларды байқауға болады.
Саратов қазақтарының жартысына жуығы Краснокут ауданына тұрып жатыр. Қазақтардың «Арман» қоғамдық бірлестігі құрылған. Саратов облысының Энгельс қаласындағы педагогикалық училищеде бастауыш мектептердегі қазақ тілі мұғалімі мамандығы оқытылады. Ал, Саратов қазақтары 1997 жылы «Еділ қазақтарының қауымдастығын» құрды. «Хабар» атты орыс тілінде газет шығарылып тұрады.
Тағы еске сала кететін жайт, Саратов облысы халқының саны бойынша қазақтар екінші орын алады.
Самара облысы
Самара облысындағы қандастарға қатысты.
Қамысты (Камышла), Үлкен Ырғыз (Большой Иргиз), Нұр (Нур), Байтуған (Байтуган), Жұлдыз (Юлдуз), Бұлақ (Булак) сияқты жер-су аттары бірен-саран болса да әлі қазақ тілінде сақталғанын көрсетіп отыр.
Қорған облысы
Баяғыда Қорған облысына жол түскені бар, сонда бір байқағаным ормандай қалың жұрт арасында кейде қазақ ауылдары да кездесіп қалатын еді. Бірақ, ол кезде Кеңес дәуірінде шекара жоқ, оған мән беріп жатқан кім бар.
Сөйтсем, мұнда да қаншама жұрт өз қандастарымыз тұрады екен. Мәселен, мына атаулар оның қазақ жеріне қатысы барын дәлелдеп тұрған жоқ па: Қорған (Курган), Балакөл (Балакуль), Ақтабан (Актабанское), Байрақ (Байракское), Қызылбай (Кызылбай), Алабұға (Алабуга), Алакөл (Алакуль), Майлық (Майлык), Тобыл, Есет, сондай-ақ бұрмалаған Иткуль, Шайтанка, Бешкиль атауларын да кездестіреміз.
Айтқандай қазақтар Қорған облысы халқының арасында саны бойынша төртінші орын алады (жалпы саны 2010 жылғы Ресейдегі санақ бойынша 12 000 көлемінде). Қаланың өзінде 1500 қандастарымыз тұрады екен. Негізі Қорған қаласының орнында бұрын Сібір татарларының Алға деген жұрты болыпты.
Кезіндегі атақты Бағлан қаласы (Звериноголовка) айтқандай осында Қазақстанмен шекарада орналасқан (күрлеуіт қыпшақтардың жері деседі).
Қазақтар Қорған облысы халқының саны бойынша төртінші орын алады.
Түмен облысы
Түмен (Тюмень), Абат, Тобыл (Тобол), Қалмақ (Калмак), Қарағай (Карагай), Абалақ (Абалак), Қарашы (Карачинское) атаулары сияқты жер-су аттары да сақталып қалғанын білуге болады.
Ресейдің Тюмень (Түмен) облысы Қазақстанмен шектесетіні белгілі. Бұл өңір ҚР іргелес аймақ болғандықтан, шекараның арғы бетінде едәуір қандастарымыз тұрады. Ресми дерек бойынша Төмен облысында 20 000 (бейресми деректерде 25 000) қазақ тұрады. Жалпы, бізде өзге елде тұратындардың бәрін диаспора деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен, Қазақстанмен шекаралас аймақтарда тұратын бауырларымыз өз атамекендерінде отыр, яғни ғылыми тілмен айтсақ олар — ирридента.
Оны өздері де кем дегенде 300 жылдан бері Төмен жерінде тұрып жатқандықтары жөніндегі сөздері дәлелдей түседі. Бірақ, Қазақстанның Қызылжар, Көкшетау аймақтарынан Ресей Төменінің қарағайлы қалың орманы арасына 1930 жылдары Ашаршылықта қашып барып, тұрақтап қалған қандастарымыз да бар екен. Ол туралы Төмен қазағы Калиль Кабдулвахитов «Откочевники» атты кітап жазған болатын.
Новосібір облысы
Қарасу (Карасук), Баған (Баган), Сарыбалық (Сарыбалыкское) сиятқы атаулар әлі де сақталып отыр.
Қазақтар облыс халқының арасында саны бойынша бесінші орын алады.
Омбы облысы
Омбы (Омск), Теңіз (Тенис), Есілкөл (Исилькуль), Абат, Өлеңкөл (Уленкульское), Шабақты (Чебаклы), Алабота, Бақабас (Бакабас), Қасқат (Каскат), Қойбағар (Койбогар), Омар, Өлеңдікөл (Улендыкуль), Қаракөл (Каракуль) сияқты жер-су аттарына қарап, ата-мекен атаулары қаншалықты бұрмаланғанымен түбірін сақтап қалғанын байқап отырмыз.
Қазақ халқы Омбы облысы халқының саны бойынша екінші орын алады.
«Жалпы, аймақта 100 мыңға тарта қазақ бар. Оның жартысы қаланың өзінде тұрады. (бір қызығы, Үрімші, Омбы және Ташкент сияқты шекаралас қалалардың әрбірінде шамамен жарты жүз мың қандасымыз тұрады екен) Омбы облысында қазір 40 қазақ ауылы қалды. Азайып қалған түріміз. ХХ ғасырдың басында біздің аймақта 600-ге тарта қазақ ауылы болған», — дейді Омбы аймақтық қазақ ұлттық мәдени автономиясы президентінің орынбасары Қуаныш Елеутаев Қазақпаратқа берген сұхбатыда.
Жалпы, біздің Үкімет көршілес елдердегі қандастарымызды барынша қолдау керек, көшіріп әкелуге мүмкіндігі барын алып келіп (әсіресе, мысалы, Қытайдан), қалған елу шақты елде тұратын бауырларымыздың сол елдердің мықты күшке айналуына, түптеп келгенде аталған мемлекеттерде «қазақ лоббиін» жасауына күш салу қажет.
Алтай өлкесі мен Алтай Республикасы
Алтай Республикасы мен Алтай өлкесіндегі қазақ тарихи атаулары мыналар: Құлынды даласы (Кулунда), Баранауыл (Барнаул), Шүй (Чуй), Қосағаш (Кошагач), Үкек (Укок), Жазотыр (Джазатор), Мұзтау (Музтау), Керей, Қаракөл (Караколь), Кіндіктас, Арыаққан өзені, Беріаққан өзені, Алтынкөл (Алтын-Кель), Қызыл Өзек (Кызыл-Озек), Жаңа Ауыл (Жана-Аул), Орталық (Ортолык), Қатын (Катунь).
Қазақтар саны бойынша Алтай өлкесінде төртінші орын алатын болса, Алтай Республикасында қазақтар орыстар мен алтайлықтардан кейін үшінші орын алады.
Омбы облысына және Алтай өлкесіне (Ресейге) қазақ жерінің бір бөлігін 1956 жылы бергеніміз тағы бар.
Қалмақстан Республикасы
Сондай-ақ Қалмақстанда тұратын қандастарымыз «Жерлестер» атты бірлестікке ұйып отыр. Қалмақстанда шамамен 5000 қандасымыз тұрады. Айтқандай, қалмақ жұрты құрамында бұзау атты тегі қазақ қалмақ этникалық тобы бар, қызықты жайт.
Амандық Әмірхамзин,
tobyl-torgai.kz сайтының Атқарушы директоры