Торғай өңірін түлетудің төте жолы – инвестиция тарту: Арқалықта бизнес-форум өтті

Қостанай облысының оңтүстігінде орналасқан Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарының экономикасы негізінен мал шаруашылығына негізделген. Арқалықта өнеркәсіп енді қолға алына бастаса, жоғарыда аталған қос ауданда өндіріс атаулы тіптен жоқ. Сондықтан да облыстан қашық орналасқан аудандардың  инфрақұрылымы сын көтермей, әлеуметтің де әлеуеті тұралап, мұғалім, дәрігер сынды дәстүрлі мамандық иелері болмаса, жастардың дені екі қолға бір күрек іздеп, үлкен қалаларға сабылып кеткені жасырын емес, деп жазады tobyl-torgai.kz.

Торғай өңірін түлетудің төте жолы — инвестиция тарту. Осы іске дендеп кіріскен Қостанай облысының әкімдігі ірі кәсіпорын – компанияларды шақырып, барлық мүмкіндігін жасап, өңірдің экономикасына қан жүгіртпекші. Бұл жердің жерасты қазба байлығы да, егінге құнарлы, мал ұстауға ыңғайлы шүйгін жері де, мәлім де беймәлім тылсым тарихы да мұнда тұратын халықтың тұрмысын түзеуге жетерлік. Тек соны ел игілігіне жарату үшін қаржы құйып, қажетті шараларды қолға алу қажет. Бұл жолдағы ілкімді жобалар әрісі Ресей, берісі өз еліміздің әр өңірінен келген инвесторлардың қатысуымен Арқалық қаласында өткен: «Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы Қостанай облысының оңтүстік өңірлерін дамыту» аталған бизнес-форумда таныстырылды. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Алдымен өңірімізде қолға алынатын жобалар мен бүгінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының өнімдері қойылған көрме назарға ұсынылды.

Іс-шарада экономиканың түрлі секторындағы жобалар қаралды, атап өтсек : тау-кен металлургия кешені, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризим және т.б. бағыттар. Алдағы жылдары облыстың оңтүстік өңіріне 462 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 35-тен астам ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның барлығы ойдағыдай жүзеге асса, 4 мың 400-дей жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мысалы, «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС 2027 жылға қарай қала маңында құны 315 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл ірі жоба іске қосылса, 1200 жұмыс орны пайда болады. Сонымен бірге Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарында «SRS Holding LTD» холдингі құрамында алтыны бар полиметалл кендерін өңдейтін үш зауыт салуды көздейді. Бұған 49 миллиард теңгеден астам қаржы құюға ниетті.

Мамандар Арқалықтың жазық жері, желкемді даласы желден энергия өндіруге қолайлы деп бағалаған. Бұл істі де қолға алуға дайын тарап бар. Яғни, құны 24 миллиард теңгеден асатын, қуаты 48 МВт «Арқалық» жел электр стансасын салу мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды форумда.

Ауылшаруашылық саласында да бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспары бар. «Алюминстрой» компаниялар тобы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кластер құруда. 2 500 бас асыл тұқымды репродук ірі қара малы мен жылына 18 000 тонна ұн өндіретін диірменнен бөлек, бір жылда 100 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл нысандарға салынатын инвестиция көлемі 3 миллиард теңгеден асып, 145 жұмыс орны ашылмақ. Целинный ауылында «Ұрпақ Агро» ЖШС 10 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын іске қоспақ. Жоба құны 4,5 миллиард теңге, 50 адамға тұрақты жұмыс беру көзделген.

Жангелдин ауданының Шилі ауылында азаматтар ірі қара малын бордақылау алаңын ашуды қолға алып отыр. 11,2 млрд теңге инвестиция салып, 4 мың бас ірі қара мен 4 мың бас жылқы бордақылай отырып, 80 адамға жұмыс бермек. Мұнша жұмыс орны ашылса, шалғайдағы ауыл ағайындары үшін, әрине, таптырмас табыс көзі болмақ. Ал жылына төлейтін 700 млн теңге салығы Жангелдин ауданының бюджетін толықтырады. Осы ауданның Шеген ауылында 30 млн теңгелік жоба аясында 500 бас ұсақ мал бордақыланбақ. Бұл жобаның құрылысы биыл аяқталуы тиіс.

Арқалықта конвейерлі роликтер шығаратын, құны 159 млн теңгені құрайтын «TORGAY INVEST GROUP» ЖШС-нің жобасы болса, биыл қараша айына дейін толық жұмысын бастауы тиіс. Ал «SAQ constant» ЖШС болса, Арқалық қаласының әуежайын 2022-2025 жылдар аралығында іске қоспақ. Оған 15 млрд теңгеге дейін қаржы жұмсауға дайын. Мұнда 60 жұмыс орны құрылып, 1 жылда 50 мыңға дейін жолаушы тасымалдауға ниетті. Бұл, өз кезегінде, өңірге алдағы уақытта да инвестиция тартуға жайлы жағдай қалыптастырады деп күтіліп отыр.

Қазіргі уақытта Арқалық қаласында «Үміт» ЖШС аталатын тері илеу зауыты жұмыс істеп тұр. Толық қуатына көшпесе де, бұл жерден иленген тері еуропа елдеріне экспортталып келеді. Зауытты толық қуатына көшіріп, өндіріс көлемін жылына 40 мың шаршы метр тері илеуге дейін жеткізіп, жұмыс орнын 55-ке дейін көбейту үшін 200 млн теңге көлемінде Үкіметтен көмек керек. Мұның жолдары қарастырылмақ. Осы ірі кәсіпорын жанынан шағын және орта бизнес түрлері де қанат жайып келеді. Халықтан тері қабылдап, зауытқа ұсыну, иленген теріден бұйымдар тігу секілді кәсіп түрлеріне жеңілдетілген несие, қайтарымсыз гранттар берілді.

Торғай өңірін дамытудың тағы бір саласы — мұнда туристер тарту. Бұл бағытта да жұмыстар қолға алынған. Соның бірі Амангелді ауданында салынып жатқан әлемде теңдесі жоқ туристік хаб. «Тілеп» аталатын қайырымдылық қоры қаржыландырып отырған кешенде әлемнің жеті кереметінің кішірейтілген нұсқалары салынуда. Бұдан бөлек, 60 мың шаршы метрлік аймақта: «Тілеп тәжі» ғимараты, «Дешті Қыпшақ» мұражайы, мемориал, «Тамаскаль» сақ саунасы, «Торғай геоглифтері», жазғы амфитеатр, «Бразилия» қонақ үйі, жазғы бассейн сынды заманауи һәм тарихи-мәдени нысандар бой көтермек. Жоба жетекшісі Сапар Ысқақұлы құрылысты 2025 жылға дейін аяқтау жоспарда барын жеткізді. Бұл теңдессіз жоба әлемнің жеті кереметін бір жерден көріп, басқа да кереметтерге куә болғысы келетіндер үшін таптырмас орын болары анық. Осы сынды бірегей орындарымыз бен тарихи-мәдени орындарымызға туристерді тарту үшін «Тorgai Tur» жобасы жасалмақ.

Міне, Торғай өңірі жұртының үмітін үкілеп, болашаққа сенімін арттырған жобалардың бір парасы осындай. Ендігі кезек осы жобалардың құжат жүзінде қалмай, нақты іске асуы. Облыс басшысы Архимед Бегежанұлы форум барысында әр жобаның жүзеге асуы жіті қадағалауында болатынын айтып, оларға барлық жағдайдың жасалуы қажеттігін айтты.

Айтпақшы, көпшілікті мезі еткен Арқалық – Жарқайың ауданының жолы жөнделмек. Қаржы бөлініп, мердігер тарап та анықталып қойыпты. Осылайша, инфрақұрылым қалыпқа келіп, инвесторлар жоспарын жүзеге асырса, сан қиындықты бастан кешірген Торғай елінің де қайта түлер уақыты жақындай түсер.

Дархан АМАНТАЙҰЛЫ,

Арқалық қаласы

tobyl-torgai.kz

Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Мынаны да қараңыз

«Арқалық әуежайына бөлінген қаржы қайда?»: Берік Бейсенғалиев Үкіметке депутаттық сауал жолдады

Арқалық қаласындағы жекенің қолына сатылып кеткен әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 9,5 млн ...