Торғай облысы жабылғаннан кейін бұрынғы аудандарда өмір сүру қиындап кетті — Берік Бейсенғалиев

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев бүгін Үкіметке депутаттық сауал жолдап, 1997 жылы Торғай облысы жабылғаннан кейін жол бойында орналасқан бұрынғы аудандарда өмір сүру қиындап, көптеген тұрғын жұмыссыз қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. 

Бүгін Үкіметке «Орталық – Батыс» көлік дәлізін құру жобасы бойынша автожол салу және реконструкциялау мәселесін қозғап, депутаттық сауал жолдадық.

Көлік дәлізін жобалауға 2016 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге жұмсалған. Сонымен қатар, дүниежүзілік банкте жобаға деп 977,86 млн. доллар резервтелген. Бірақ, өкінішке орай, аталған жолдың құрылысы бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ.

Жаңа көлік дәлізі келешекте Қазақстанның орталық және батыс өңірлерінің, оның ішінде Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарының дамуына ықпал етеді, — деді Мәжіліс депутаты.

Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, 1997 жылы Торғай облысы жабылғаннан кейін, жол бойында орналасқан бұрынғы аудандарда өмір сүру қиындап, көптеген тұрғын жұмыссыз қалды.

Бұл жолды салу – осы түйткілдің орнын толтырар еді…

Осы көлік дәлізіндегі – Астанадан Арқалыққа дейінгі 397 шақырым және Торғай мен Ырғыз арасындағы 205 шақырымдық жол басты мәселе болып тұр. Бұл еліміздің орталығы мен батысын жалғайтындықтан, құрылыс биыл басталуы керек деп есептейміз.

Жол сапалы әрі уақытында салынса, жергілікті халық жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен туризм дамып, өңір халқының әл-ауқаты артатыны сөзсіз.

Бұл маңызды жолдың салынуы – іргелес жатқан бес облыс халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер ететіні анық.

P.S.: Сайлауалды кампаниясы шеңберінде сайлаушылармен кездесулер барысында біз осы мәселені бақылауға алып, біріншілердің қатарында көтереміз деп уәде бергенбіз, — деді депутат.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...