Есімі елдің есінде

Ғасыр жасаған атаның баласы немесе жастарға қамқоршы болған Қайыржан Шайзаұлы
ғұмырынан бір үзік сыр

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді халық. Сірә, мәселе мұнымен шектелмесе керек. Хас жақсыны елге, ұрпаққа өнеге болсын деп те айту керек. Әйтпесе, ғасырлар бойы тең тұрған жақсылық пен жамандықтың таразысы теңселіп кетер еді, өмір ізгіліктен ажырар еді.
Бүкіл болмыс-бітімімен ерекшеленетін Қайыржан ағаны (аға деп отырғаным Қақаң менің ағам Әйткөжекпен /Болат/ бірге оқыған сыныптас досы, әйтпесе, ол бір жағынан жезде болып келеді, өмірлік серігі Ибраһимқызы Райхан апай Жәнібек тарханның үш баласының бірі Дәуітбаймен бірге туған Жауғашар руынан) еске алғанда осындай ойға берілем. Сол себепті аға туралы өз пікірімді аз-кем болса да, жұртқа жеткізгім келді. Алға қойған мақсатым, Қақаңның өмір жолын баяндау емес, ол туралы қатарластары айта жатар. Үзенгелес інісі ретінде көңілімнің төріндегі ағаға қатысты кейбір сәттерді айтуға төрелігім бар деп ойлаймын.
Мен Қақаңды өткен ғасырдың 70-ші жылдардың аяғында жоғары білім алып, елге келгеннен бастап таныс болдым. Оған дейін Қақаңды, жоғарыда айтқанымдай, ағам Әйткөжектің сыныптас досы ретінде ғана білетінмін. Тағдыр маған жылдар салып, Жангелдин аудандық комсомол және партия комитетінде қызмет істеген маған «тағдырлас болсайшы» деген екен. Мен кейде бұл тағдырдың маған берген абырой-сыйы шығар деп ойлаймын.
Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып қызмет істегенде маған бекітіліп берілген кеңшар бастауыш партия ұйымдарының қатарында Торғай кеңшары партия комитеті (партком хатшысы болып С. Дулыбаев, Ғ.Жүзбаев істеді) де болды. Бастауыш партия ұйымдарының партиялық ұйымдастыру жұмысының әдістемелерін жетілдіру және іс-қағаздарының нұсқауға сәйкес жүргізілуін қадағалау үшін айына екі рет кеңшарларға іс-сапарға шығып тұрдық. Осындай іс-сапарлардың бірінде Торғай кеңшары (қазіргі Шеген би ауылы) директоры Қайыржан Шайзаұлымен етене танысып, оның жастарға деген қамқорлығы, қолынан келсе, қамқорлық жасауға дайын тұратын азамат екенін білдік. Қазақта «парыз бен қарыз» деген қос ұғым бар. Сол ұғымның ұлағатын Қақаңның бойынан көрдік.
Елдің көрген-түйгені мол жақсымен, жайсаңдарымен бірге бір уақытта елде қызмет атқарып жүру өзіңді ерте есейтіп, үлкендікке ұмтылуға жол ашады екен. Қақаңмен бірге сол бір жылдары қызметтес болған үзенгелес інісі, кеңшардың бас мал дәрігері болып істеген Б.Айғожин мақтан тұтып былай еске алады: «…Ауылда қаншама игілікті істердің атқарылуы Қақаңның тәжірибесі, ақылы, қайраты, тынымсыз еңбегі, талапшылдығы мен ыждағаттылығының арқасы деп білеміз. Кеңшар басшысының әрбір тапсырмасын мамандар айтқанындай орындауға тырысатын. Ол көзбен көрмей, ешкімге сенбейтін. Таңертең ауылдағы қай саланың маманына қандай тапсырма берсе, сол күні кешке дейін бөлімшелерді аралап, тапсырманың орындалу барысын тексеретін. Ал келесі күні таңертеңгілік лездемеде оның орындалғаны туралы мамандар ақпарат беретін, соның бәріне уақыт тауып үлгеретін. Соның нәтижесінде шаруашылықтың жыл он екі ай науқан жұмыстары қалыпты жүріп жатты.
Кеңшардың қоғамдық ұйымдарының жұмысы да өз деңгейінде жүріп, ауылдың мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік және экономикалық жағдайы жақсара түсті. Мені де жас маман ретінде өз қамқорлығына алып, өзінің негізгі мамандығы мал дәрігері болғандықтан жұмысыма бағыт-бағдар беріп отырды. Қақаңның жасаған осындай қамқорлығының арқасында бірер жылдың ішінде мен ауданның мал дәрігерлері арасында үздік маман атандым, нәтижесінде аудан жастары маған үлкен сенім артып, Мәскеу қаласында өткен БЛКЖО-ның ХIХ съезіне делегат болып сайландым».
Кезінде қызметтес болған үзенгелес інісі айтса айтқандай Қақаңның жастарға деген қамқорлығы ұшан-теңіз еді. Сондай-ақ ол әртүрлі деңгейдегі жиындарда істің туралығын айтып, шопан өмірі мен тұрмысын жақсартуда аудан басшыларына батыл ұсыныстар білдіретін. Сонысымен де ол жоғары жақтағыларға жақпайтын, «ыңғайсыз» басшы болып көрінетін, оған кезінде өзіміз талай куә болдық.
Қақаң кеңшар тұрғындарының өндірістегі еңбегін бағалумен қатар, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да аса көңіл бөлді. Осындай ізденіс-бастамашылдығының нәтижесінде Торғай кеңшарының орталығы заман талабына сай өзгерді. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында аудан шаруашылықтары арасында бірінші болып Қостанай облысы Вачасов кеңшарында жасалған қазандықты (экономайзер) орталық жылу жүйесіне қосты, кеңшарда екі қабатты кеңсе ғимараты бой көтерді, Тосын құмының жерасты суын пайдалану арқылы ауыл орталығына су құбыры тартылды. Бұл да шаруашылық басшысының ел игілігі үшін жаңа заман талабына сай атқарған іскерлік жұмысының нәтижесі еді.
Кезінде Қақаң қазіргі Шеген би ауылы мен (бұрынғы Торғай кеңшарының орталығы) Торғай кенті аралығындағы 14 шақырым көтерме жолға тас жол төсеуді де жоспарлаған еді. Оған қаражатты ауданның бюджетінен емес, кеңшардың екі-үш жылдық жұмыс қорытындысы бойынша жинақталған табыс есебінен жүзеге асыру еді. Алайда, Қақаңның бұл бастамашыл-ұсынысы өз басына пәле болып жабысты.
Несін жасырамыз, ол заманда аудан көлемінде атқарылатын небір істер тек қана аудан басшысының аузынан шыққан ұсыныспен ғана жүзеге асырылатын. Осы қағиданы басшылыққа алған сол кездегі аудан басшысы Жақан Қосабайұлы (ол да осы Шеген би ауылының тумасы) қарсы болып, кеңшар директоры бастамашылдығы үшін оның қаһарына қалып, тұзағына ілікті. Аяғы кеңшар директоры қызметінен кетуге мәжбүр болды. Жұмыстан босаған соң облыс орталығы Арқалық қаласындағы бір мекемеге басшылық қызметке келіскен кезінде де аудан басшысы Қақаңды партучеттан шығармай, ауданнан тысқары жерге жібермеді. Осы жерде айта кететін бір жағдай, партиялық учеттан шығу мен отыру жұмысы ол заманда ауданда тек қана бірінші хатшының құзырында болатын. Ал мұндай қағажу жүйкені жұқартып, жүрекке қандай салмақ түсіретінін басынан өткерген адам ғана білер. Бірақ оған Қақаң мойымады, аудан басшысының берген жұмысына барып, елге қызмет етті. Соңғы жұмыс орны Жангелдин аудандық Салық комитетінде маман болып істеп, зейнеткерлік демалысқа шықты.
Жаратылысынан жан біткенге жағымды, адамға үйірсек, бауырмал ағамыздың сыйлас достары, жолдастары көп болды. Оның досқа деген сергектігі қай кезде де айқын аңғарылып тұрды. Жалпы, аса жақын адамдарыңның кім екенін білу үшін оның достарының пікірін сұра дейді дана халқымыз. Сондықтан Қақаңның қадір-қасиетіне сол достарының пікірін ести жүріп қаныға түскен секілдімін. Еліміздің түкпір-түпкіріне тарыдай шашылған Қақаңның достарының біразы (Жақсылық Төлебаев, Қадірғали Қабылдин, Қалап Қанапин, Болат Ғабдуалиев, Амантай Мұзхамеджанов, Тыныштық Әбжамалов, Зәукен Сейітов, Ибраһим Ағытаев, Бақтыбай Атығаев, Бейсенбі Қабжанов т.б.) ана бір жылдары мектеп бітіргендеріне 50 жыл толуына орай Торғайда бас қосты. Осы ұйымдастырылған іс-шараның басы-қасында Қақаң жүрді. Әзілдері жарасқан достар мектеп бітіргендеріне жарты ғасыр өтсе де балдаурен жастық шақтарын еске алып, бір жасап қалғаны белгілі. Сол басқосуда он жыл бірге оқыған сыныптас досы Қадірғали:

«Ей, ғасыр жасаған атаның баласы,
Маған да бір қарашы.
Мен жылқышы Қабылда баласы,
Сен жүзге келгенше ат үстінен түспеген
Шайза қарттың жалғасы.
Екеуміз де жылқы мінезді,
Қазақтың қарадомалақ баласы», — деп, дауылпаз ақын Қасымша шабыттанып Қайыржанға әзілдеген еді деп еске алушы еді марқұм Болат ағамыз. Сонда сыйлас досының «ғасыр жасаған атаның баласы» деп отырғаны қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Қақаңның мұндай ашық-жарқын, алды кең, сыйлы адам болуы өзінің ұшқан ұясынан бастау алған секілді. Әкесі, иманды болғыр Шайза қарт өмір бойы, жүзге келгенше ат үстінен түспеген қария. Шайза қарт Торғайда ғасыр жасаған санаулы қариялардың бірі болатын.
Қадыр ақынның сөзімен айтатын болсақ «Жақсылардың қасынан ақылды боп қайтасыз, рахмет айтасыз» дейді.

Қақаң әр кезде жастарға үлкен үмітпен қарады. Ол кезде ағаның өзі жас болатын (қырық жасқа толмаған кезі), бірақ оның жастармен әзіл-қалжыңға бейім ақжарқын келбеті, ұстамдылығы оны біршама жасқа үлкейтіп тұратын.
…Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың басында Шұбартау өңірінде туған жастардың бастамасы еліміз бойынша кең қанат жайған шағы еді. Жангелдин ауданының жастары да мал шаруашылығын өз қамқорлықтарына алып, 13 қой өсіруші, 2-і сауыншы комсомол-жастар бригадасында 150-ден астам жігіт пен қыздар еңбек етті. Олардың арасында еңбек жарысының пәрменділігін арттыру мақсатында жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар беріліп, жастар коллективіне ауыл шаруашылығы қызметкерлері облыстық кәсіподақ комитеті мен облыстық комсомол комитетінің ауыспалы жалаушасы табысталатын.
Әлі есімде, 1981 жылдың облыстық еңбек жарысының қорытындысы бойынша Торғай кеңшарының «Жалын» бригадасы (ұстаз-жетекшісі Бәкіров Жылқыбай) мал басын 99 пайызға аман сақтап, әр жүз саулықтан 107 қозы алып, ауыл шаруашылығы қызметкерлері облыстық кәсіподақ комитеті мен облыстық комсомол комитетінің ауыспалы жалаушасын жеңіп алғаны.
Еңбек жарысының жеңімпаздарына осы марапатты табыс ету үшін сол кездегі Торғай облыстық партия комитетінің өкілі Ғ. Жанұзақов және облыстық комсомол комитетінің жұмысшы-жастар бөлімінің меңгерушісі М.Әбдіғалиев арнайы келіп, Торғай кеңшарында жиын өтті. Сол жиында кеңшар басшысы Қақаң облыстан келген өкілдерге қаратып былай деген еді: «…Жастар бригадасына кеңшар тарапынан барлық қамқорлық жасалуда. Соның айғағы ауылда өткізіліп отырған осы жиын екені белгілі.
Менің айтайын дегенім бұл емес. Бірінші мәселе, екі жыл бойы қой соңында жүрген ауыл жастары қарайып қалады. Сондықтан оларға ең болмаса тоқсан сайын облыстық білім беру мекемесі тарапынан көшпелі консультативтік сабақтар ұйымдастырылып, білімдері жетілдіріліп тұрса екен.
Екінші мәселе, әкелер кәсібіне адалдық вахтасын атқаруға тек қана ауыл жастары ғана міндетті ме? Бұл бастаманы қала мен дала жастары жаппай бірдей қолдау керек. Сонымен қатар бұл жұмысқа экономикалық тұрғыдан талдау жасайтын болсақ, бір отар қойдың соңынан он шақты адам жүру шаруашылыққа пайда әкелмейді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының мамандары осыған талдау жасап, бір тиімді жол тапса екен. Осы мәселелерді тиісті орындарға жеткізулеріңізді сұраймын».
Қақаңның көрегендікпен айтқан бұл сөзін естіген өкілдер бір-біріне жайсыздана қарап қалды. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген сөз бар. Дуалы ауыздан шыққан сөзден кейін-ақ шұбартаулықтардың бастамасының өміршеңдігі көпке ұзамай, сол кездегі саясаттың берген жемісі тарих қойнауына кеткені белгілі.
«Жақсымен жанаса жүріп сөйлессең, жақсы-жақсы салиқалы сөз естисің» дейді дана халқымыз. Жансарайының жылы шуағын төгіп тұратын Қақаңмен бір уақытта елде қызмет атқарғанда, оның осындай батылдығына талай куә болған едік. Иә, ол кезде мұндай батыл сөзді тек қана зейнетке шыққан зиялы қариялардың аузынан ғана еститін едік. Ал мұндай сөзді аудандық, облыстық партия комитеттерін айтпағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің номенклатурасында тұратын кеңшар директоры аузынан есту ол заманда батырлықпен пара-пар еді.
«Жастарды өз қатарымдай көріп, олардың білімді болуына қамқорлық жасауды және сыйлап-қадірлеуде мен марқұм Жаңабергенов Сәмен ағайдан үлгі алған едім» деп Қақаң өзінің бір әңгімесінде айтып еді. Жасыратыны жоқ, ел басқарған кейбір ағаларымыз тарапынан жастарды сыйлап-қадірлеуді айтпағанның өзінде, берген сәлеміміздің өзін әрең алып, отырған орынтағы әкесінен қалған мұра секілді көретін.
Осындайда «…Асқанды да көргенбіз, тасқанды ды көргенбіз. Асып-тасып, ақыры сасқанды да көргенбіз» деген Қайнекей ақынның осы бір жыр жолдарын елімізге белгілі айтыскер ақын Қонысбай мысал ретінде келтіріп айтқандай: «Әрбір атқа мінген азамат осы бір шумақ өлеңді Аяз бидің шапанындай қылып босағаға іліп қойса ғой, шіркін! Бірақ баяғыда бір әжеміз: «Оны білетін бала қайда депті…». Біздің тарапымыздан айтарымыз Қонысбай ақынның айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Ал Қақаң болса ол санатқа жатпайтындардың қатарында болатын. Қақаңмен көзі тірісінде осынау ізгі қасиеттерін өзіне айта алмадық. Айтудың ретін тапсақ та, мақтануға да, мадаққа да сараң ағаның мінезін білгендіктен тартындық.
Енді ол кісімен араласқан кездерімізде толғанып айтқан, жүректен шыққан жылы сөзіміз, тілегіміз, оның рухына жасаған інілік ізет, кішілік тағзым болса деген ниеттемін. Бұл сөзге Торғай елінің зиялы аға буын азаматтардың, осы өңірге адал қызмет жасаған Қайыржан Шайзаұлын білетіндер, оның көзін көргендер толық қосылады деп сенемін.
Қазақта «Жақсының иманы тірісінде – жүзінде, өліде — ізінде», «Артында ұл қалса — өзің қалдың, қыз қалса – ізің қалды» дейді. Құдайға шүкір, ағамыздың қарашаңырағын шайқалтпай асыл жары Ибраһимқызы Райхан апамыз отыр. Артында қалған алтын асықтай екі ұл, қырмызы екі қызы бар. Үлкен ұлы Нұрмұхаммед Астанада банк саласында абыройлы басшылық қызмет атқарса, екінші ұлы Сермұхаммед Алматы қаласында жеке кәсіпкер. Қыздары Дариға білікті ұстаз, Жаниғасы банк саласының қызметкері.
Жетпістің желкесіне шығып, еліне жемісті еңбек етіп кеткен Қайыржан ағамыздың бақиға озғанына жыл болыпты-ау. Ағамыздың толып жатқан адами қасиеттерін айтып тауыса алмаймыз. Оның адамдарға деген ақ ниеті, кісі болмысын жатсынбайтын жақсы пейілі жанымызды жадыратып тұратын еді-ау.
Ол елшіл, көпшіл болды. Елшіл, көпшіл деп отырғаным Қақаң Астанаға көшіп келген соң да елмен тұрақты байланысты үзбеді. Елдегі ағайын-туыстардың қуанышы мен қайғысына ортақтасып, үнемі ел жаққа алаңдап отыратын. Тіпті елдің тұрмыс-тіршілігінен хабардар болу үшін Қақаң Астанада тұрып-ақ «Қостанай таңы» мен «Біздің Торғай» газеттерін Қазпошта арқылы үйге жаздырып алып оқитын жалғыз торғайлық болды десем, артық айтпаған болар едім. Сонысымен де ол елшіл, жершіл, көптің адамы болып кеткен еді.
Жалпы, Торғай дегенде біз шағын Жангелдин ауданы деп ұғамыз. Ал шын мәнінде ол шағын Торғайдан шыққан үлкен Торғайдың танымал және сыйлы азаматы болды.
Иә, бұл жалған дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр. Өмірден озғаннан кейін де халқының жадында жақсы мінезімен, әлеуетті әрекетімен, тындырымды ісімен есте қалу әрбір адамда бола бермейді, бұл – өшпес рухтың өнегесі. Мұндай үлгі елге еңбек ету парызым дейтін парасатты тұлғаға тән құбылыс. Торғайдан шыққан сондай парасатты тұлғаның бірі және бірегейі Қақаң болды десек, артық айтпаған болар едік.
Қайыржан Шайзаұлының тұлғасы жыл өткен сайын осылай биіктей береді. Киелі Торғайда туып, зейнет демалысына дейін кіндік қаны туған жерінде қызмет етіп, Алаштың астанасы атанған Астана топырағынан мәңгілік орын тапқан Қайыржан Шайзаұлын өлді деуге аузымыз бармайды. Ол көзден кеткенмен, көңілден кетпеген азамат!

Ертай ҚАРАБАЛА,
ҚР ІІМ зейнеткері
Астана қаласы

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *