Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ: Жайсаңбек салған жол жалғаса береді…

СШ

Сабыржан Шүкірұлы 1939 жылы 12 тамызда Қостанай облысының Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Қаламгерлік еңбек жолын осы облыстың Жангелдин аудандық «Социалистік ауыл», кейін «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» (бүгінгі «Біздің Торғай») газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Комсомол, партия қызметтерінде болған. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1974-1991 жылдары «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, ал 1991 жылдан «Сұхбат» және «Позиция» хабаршыларының Бас редакторы болып еңбек еткен.

1996-2006 жылдары «Ана тілі» ұлт газетінде Тіл және этнография бөлімінің редакторы болып қызмет атқарды. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі. «Тамаша өмір», «Шақшақ Жәнібек», «Нақпа-нақ» және тағы да басқа кітаптардың авторы. Алаш тұлғаларына қатысты мақалалары жарық көрген.

2011 жылы қаламгермен кездесіп, «Қолтаңба» кітабы жөнінде аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Соны назарларыңызға ұсынып отырмын.

 Автор

 

Көсемсөзші Сабыржан Шүкірұлының есімі көзіқарақты оқырманға етене таныс. Елдікті, ұлттық құндылықты қаламына арқау еткен қаламгердің қарымды қаламынан туындаған еңбектері бір төбе десек, «Қолтаңба» атты кітабы мазмұны жағынан ерекше дүние. Қазақ әдебиеті мен ғылымында айрықша із қалдырған талай тұлғалардың қолтаңбалары мен лебіздері енгізілген осы жинақта. Сабыржан Шүкірұлы қаламгер ретінде де, оқырман ретінде де көркем шығарманы немесе публицистикалық жинақтарды, ғылыми еңбектерді талдай отырып, сол еңбек жөнінде өзінің қолтаңбасын беріп отырған. Осы тұрғыдан келгенде де бұл жинақ қызығушылық тудырары сөзсіз. Қаламгермен шағын сұхбатымыз осы «Қолтаңба» атты жинақтың өмірге келу тарихынан өрбіді.        

– «Қолтаңба» кітабы екі бөлімнен тұрады, – деп бастады сөзін Сабыржан Шүкірұлы. – Бірінші бөлімінде кезіндегі танымал тұлғалардың, қаламгерлердің, мәселен, профессор Белгібай Шалабаев, қаламгерлер Жұбан Молдағалиев, Ілияс Есенберлин, Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек, Қалмұқан Исабай, Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Сәбит Досанов, Темірбек Қожакеев, Сарбас Ақтаев, Жанболат Аупбаев, тағы да басқалардың қолтаңбалары рет-ретімен берілген. Соңына сол авторлардың шығармаларына арнап баспасөз беттерінде жарық көрген пікірлерім топтастырылған. Бірақ бәрі бірдей енгізілген жоқ. Өйткені, сыймай қалды. Оның бәрін тізе берсем қалың том болушы еді…

–  Алғаш кімнен қолтаңба алып едіңіз? Есіңізде ме?

– Әрине, ең алғаш Торғайда комсомол комитетінде қызмет етіп жүргенімде жазушы Жайсаңбек Молдағалиевтен қолтаңба алдым. Ол кісі Торғайға жиі келетін. Өйткені, алда ойласқан қабырғалы еңбегі – Ыбырай Алтынсарин туралы жазбақ туындысына («Таза бұлақ») қажетті дерек-мағлұмат, жиынтық кейіп-бейне іздерін зерделейтін. Ел деп келер Қостанайы мен Обаған бойындағы ауданы ол заманда тың даңқына бөленіп, жат жұрттық ортаға айналған-ды. Қазақы орта іздейтін де болуы керек, әйтеуір жаңа шығармаларын алдымен Торғай қаласына (қазіргі село) әкеліп, осындағы оқырмандар ортасына салатын еді.

– Қандай кітабын сыйлап еді?..

– Жайсаңбек Молдағалиевтің алғашқы кітабы – «Жүрек қазынасы» атты повесін сол шыққан 1969 жылы күзде талқыладық. Ол кезде «Кітапқұмарлар конференциясы» деген дәстүр бар еді. Аудандық кітапхана күні бұрын жос-парлайды, көпшілікке хабарлайды, тақырып бойынша басты сөйлеушілер белгіленеді. Сол қатарда аудандық газетте жүрген мен де сөйлеп, пікір айттым. Жәкең: «Інім Сабыржанға! Талабың табанды бола берсін, табысқа жете бер. Біз асатын асу көп, соны бірге алайық. Ағаңның болмашы еңбегін көпке балап қарсы ал. Жайсаңбек Молдағалиев. 23.Х.1962 ж. Торғай», – деген қолтаңбамен кітабын ұсынды. Кейін, 1969 жылы бір келгенінде «Торғай толғауы» романының екіншісі «Сарыарқаның сүйіктісі» атты кітабына: «Сабыржан! Неужели осы кітапты мен жаздым. Сабыржан! Бауырым менің. Өзің аман бол», – деп жазып беріп еді…

– Алғаш қолтаңба алған кезде шамамен қанша жаста едіңіз?

– Шамамен 25 жасқа келген кезім.

– Дегенмен, бұл кісілердің ішінен кімнің қалдырған қолтаңбасы ерекше ыстық көрінеді?

– Бөле-жара айтуға болмас, барлығы да ерекше құрметке ие адамдар ғой. Мен үшін барлық қолтаңба ыстық, қастерлі.

– Сабыржан аға, алдағы уақытта да «Қолтаңба» кітабының жалғасы жарық көрер, бәлкім?..

– Осы кезге дейін бірқатар қаламгердің қалдырған қолтаңбалары жиналып қалды. Егер қаражат болса, «сериный» етіп шығара беруге болады (күліп). Шыны керек, осы «Қолтаңба» жарық көргеннен кейін, тіпті, жеке кітапханамда кітаптар көбейіп кетті.

– Кітапханаңызда шамамен қанша кітап қоры бар?

– Оны дөп басып айту қиын. Дегенмен, жұмыс істеуіме жеткілікті. Жалпы, өзім негізінен тарихи, әдеби сын, зерттеу, этнографиялық, халық ауыз әдебиеті, сондай-ақ тіл тақырыбына арналған кітаптар, сөздіктер жинаймын…

– Жас қаламгерлер ішінен кімдерді қадағалап оқып жүрсіз? Кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

– Сыншылардың ішінен жарқырай көрініп жүрген Амангелді Кеңшілікұлын айтар едім. Ақындар Бауыржан Бабажанұлы, Мақпал Жұмабай, сол секілді Нұрлыбек Саматұлы есімді жазушының шығармаларын айрықша ұнатып оқимын. Бүгінгі күннің тақырыбын қаламына арқау етіп жүрген жақсы прозашы.

– Соңғы кезде баспасөз беттерінен есіміңіз көзге шалынбай жүр…

– Қазір зейнеттегі адамбыз. Көп көріне беруге де болмайды ғой (күліп)… Бүгінде Тіл комитеті жанындағы «Онамастикалық хабаршы» журналында Бас редактор қызметіндемін. Республикалық «Айқын», «Ана тілі», «Қазақстан Заман» басылымдарына ара-тұра проблемалық мақалалар жазып тұрамын. Кейде радиоларға сұхбат беремін…

– Сіз жас кезіңізде атақты қаламгерлерге еліктеп, өз қолтаңбаңызды өзгертіп алған жоқсыз ба?

– Жоқ. Бұл қолтаңбам – бала кезден қалыптасқан өз қолтаңбам.

Әңгімелескен 

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *