Азаттық үшін жасалған алғашқы қадам

Сарбаз

ХХ ғасырдың аяқ кезінде Ресей империясының ішкі әлеуметтік саяси жағдайында орын алған тоқырау қазақ даласын да қамтыды. Бұған кезінде патша үкіметі түрлі саяси қозғалыстарға қатынасқандығы үшін Қазақстанға жер аударылған зиялы қауым өкілдерінің де ықпалының мол болғандығын атап айтуға болады. Сол кезде бірнеше саяси қуғынға ұшыраған адамдар Торғай қаласына да жер аударылған болатын. Олар өздері ұстанған күрес идеясын жергілікті ұлттан шыққан озық ойлы азаматтарға да дарытуға күш салды. Қазақтардың арасында революцияшыл ойдың ұшқыны пайда бола бастағандығынан қауіптенген патша үкіметінің жандармерия қызметкерлері бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, қалыптасқан жағдайды үнемі өздерінің бақылауында ұстауға тырысқан. Бұл туралы деректерді «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы» деген ұжымдық зерттеуден кездестіруге болады. Бұл деректерден патша үкіметі қазақ даласында түрлі себептерге байланысты пайда бола бастаған алғашқы бас көтерулерді аямай басып-жаншуға күш салғандығы да  аңғарылады.

Осындай бір оқиға 1908 жылы Торғай қаласында да орын алған болатын. Столыпин реформасы кезінде көшіп келген мұжықтар жергілікті халықпен бірге тұрып, біте қайнасып кеткенімен, мұрағат құжаттарынан «ұлы орыстық» идеяны ұстанған шовинистер, әсіресе, қаладағы әскери гарнизон қарамағындағы Орынбор казактарының  жергілікті  қазақтардың тұрса жағасына, отырса етегіне жармасуға тырысып баққандығын  байқаймыз.

Торғайда сол кезде көктем мен күзде өтетін жәрмеңкеде ауыл қазақтарының малын саудалап, отбасының қажетіне тұтынатын тауар алуы әдетке айналған іс болатын. Осындай мыңдаған адам бас қосатын жиын кезінде базаршылардың ат-көлігі қаладан тыс арнайы орында бағылатын. Осындай кермеге атын байлауға асыққан бір ауыл қазағын ешбір жазықсыз жергілікті әскер бөлімінің солдаттары соққыға жығады. Өзінің кінәсіздігін түсінгенімен, оны өзін еш кінәсіз соққыға жыққан солдатқа түсіндіруге орысша тілі шорқақтық танытқан ауыл қазағы амалсыздан жерлес-таныстарын көмекке шақыруға мәжбүр болыпты. Ащы суға бөгіп алған солдаттар жәрмеңкеге жиналған қазақтарға қарсы қару кезенуге дейін барады. Маңына жақындаған қазақты ұрып жығып келе жатқан қарулы топтың бетін қайтармақ болған жігіттерді патша полицейлері шетінен айыптап, түрмеге қамаған. Бұл туралы 1973 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «А.Иманов» құжаттар жинағы атты кітапта кеңінен баяндалған болатын. Осы жинақтың 147-бетінде жарияланған Торғай уезі Шұбалаң болысының тұрғыны, менің атам Сейдахмет Байсейітовтің «Түрмеде» деген естелігінде бұл оқиға туралы жан-жақты мәлімет келтірілген. Өзі де осы оқиғаның бел ортасында жүргені үшін патша түрмесіне қамалған ол кісі бұл қақтығыстың басталуы туралы өз естелігінде: «Торғай түбінен өзен өтеді. Осы өзеннің жағасына қазына огородтары орналасқан болатын. Міне, бір қазақ өзенді жағалап келе жатып огородқа таянды. Огородты күзеткен солдаттар көп ойланбай-ақ әлгі қазақты ұстап, ұра бастады. Ышқынған айғай шықты. Бірнеше адам көмекке жүгірді. Оларды А.Иманов басқарды» деп жазыпты. Әрине, көктемірге құрсанған солдаттарға қарсы тұру қолында қамшыдан өзге қаруы жоқ Торғай қазақтарына оңайға түспесе керек. Ашынған қазақтар да аянып қалмағанға ұқсайды. «Қолма-қол қызу айқас басталды. Төбелеске жұдырық та, таяқ та, сол сәтте қолға түскеннің бәрі жұмсалды. Құрбандық та болмай қалған жоқ. Полицей отряды келгенде 2 адам – бір солдат пен бір қазақ өліп жатты. Айқас болған жерден отряд 40 қазақты тұтқынға алды. Олардың көбі төбелеске қатынаспай, жай қарап тұрғандар болатын. Тұтқынға алынып, түрмеге жөнелтілгендердің арасында А.Иманов та болды. Мен де түрмеге түстім» деп еске алады Сейдахмет Байсейітов.

Осы естелігінде: «Біз Торғай түрмесінде 3 ай отырдық. Аманкелді өзінің мінез-құлқымен, адамдарға қарым-қатынасымен алғашқы күндерден-ақ басқалардың арасында айрықша көзге түсті», – деп жазады осы оқиғаның бел ортасында болған С.Байсейітов. Төбелеске қатысқан қазақтар жандармдармен Арғын руының «Аманжол» ұранын айтып айқасқан. Сондықтан кейін осы оқиғаны тексерген патша шенеуниктері Аманжол деген қазақты іздеп, біраз әуреге түсіпті. Қашанда жақыннан шыққан жау жаман, «жәрмеңке төбелесіне» қатынасқан торғайлық қазақтардың кімдер екенін патша жандармериясына нақтылап берген адамдардың да аты-жөні жазылған құжат мұрағат қорында сақтаулы тұр. Бүгінгі ұрпақ арасын араздастырмау үшін ол құжатты көпке жария етудің қажеті болмас деп ойлаймын…

844

Бұл оқиға сол кездегі қазақ қоғамында айрықша рухани маңызға ие болып, отаршылдарға қарсы күресіне ерекше қозғалыс туғызған. Үкіметке қарсы қақтығысқа қатынасушыларды патша соты ондаған жылға жер аударып, қатал жаза кескенімен, орыстың сол кездегі озық ойлы қайраткерлері оларды қорғауға қатысқан. Тіпті Ресей империясына аты әйгілі адвокаттар да бұл сот процесіне арнайы келіп, жазықсыз жапа шеккен қазақтарды қорғап қалуға тырысқан. Осы оқиғаның бел ортасында болып, түрмеде азап шеккен ағайынды Хакімбек пен Әбен Төкеұлдарының інісі Қамбар Токин ақсақал 1980 жылдары пікірлескенімде «жәрмеңке төбелесіне» қатынасқандығы үшін қуғынға түскен туыстарын қорғауға Ресейдің әйгілі адвокаттары Плевако мен оның ізбасары Муравьевтердің қатынасқандығын еске алып отыратын еді. Шұбалаң  болысының басқарушы болысы Смағұл Токин Петербургке арнайы барып, түрмедегі туыстарын қорғауға жоғарыда есімдері аталған адвокаттардың  келісімін алған. Смағұл Төкеұлының осы сапар барысында Ресейдің атақты адвокаты Ф.Н.Плевакомен бірге Петербургте түскен фотосуреті менде сақталған.
Сол кезде тек қазақ қана емес, өзге түркі тілдес елдерге де жақсы таныс «Айқап» журналының алқасы да оқиға барысын назарда ұстап, ол туралы оқырман қауымға хабарлап отырыпты. «Айқап» журналының 1913 жылғы қыстағы санында басылған «Уақиғалар» атты топтама хабарларда «Мұнан бірнеше жыл бұрын Торғай шаһарында жәрмеңке уақытында шыққан төбелес үшін айыпты болып сотқа іліккен 23 адамның ісін Орынбор окружной сотының хүкіміне риза болмай берген арыздары бойынша Саратовск судебный палатаның мекемесі 13 майда Троицкіде қайта қарауға тағайындаған. Айыптыларды қорғаушылар – Троицкіде тұрушы А.Г.Змиргенд һәм Москва адвокаты Муравьев» деп соттың өту барысы туралы хабарлама жасаған. Көзіқарақты оқырман бұл туралы 1995 жылы Алматыдан «Қазақ энциоклопедиясы» Бас редакциясынан жарық көрген «Айқап» құжаттар жинағынан оқи алады.

84

«Айқап» журналы бұл соттың өту барысын да үнемі назарда ұстап отырған. Журналда «Үшбу майдың 13-інде Троицкіде Саратовск судебный палатасы Торғай облысы Торғай уезі Шұбалаң болысының қазақтары қараша Шамаров, Хакімбек Токин уә ғайрилардың ісін қарады. Бұлар 1908 жылы Торғай жәрмеңкесінде бақша күзеткен солдаттармен төбелескен… Бұл істі алғаш 1910 жылы Торғайда Орынбор окружной соты қарап еді. Хакімбек Токин уә ғайрилары бұл соттың үкіміне разы болмай, қайта арызданып еді… Міне, осы арыз бойынша Саратовск судебный палата ол істерді тергеді. А.Земмирник пен Мәскеу окружный сотының адвокаты Муравьев істі жүргізді. Іс таңғы 11-де қарала бастап, түнгі сағат 2-де бітті. Палата 1910 жылғы 15 майда жасаған Орынборский окружный соттың хүкімін бұзып, 13 айыпкердің 3-2-ін құтқарып,10-ын жыл жарым арестантскии ротаға, біреуін жыл жарым түрме қапасқа хүкім етті», – деп жазған екен. Сотталушы  қазақтар өздеріне сот  белгілеген жазаны осыған дейін түрмеде өтегендіктен, түгелге жуық  босатылған.

Торғай жәрмеңкесіндегі 1908 жылғы қақтығыс қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының ізашар оқиғалардың бірі болды. Бұл Торғай қазақтарының Кенесары басқарған көтерілістен кейін патша әскеріне қайтадан қарсы шығып, қару түйістіруі еді. Халықтың ондаған жыл бойы отаршылдарға қарсы қордаланған ыза-кегін осындай қақтығыстар оятқан болатын. Бір ескерте кетер жағдай, осы Торғай жәрмеңкесіндегі қақтығысқа қатынасушылар кейін биыл жүз жылдығы атап өтілгелі отырған 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының да бел ортасында жүрді, басшылары болды. Хакімбек Токин азаматтық билікті басқарып, «елбегі» сайланса, Сейдахмет Байсейітұлы да қарулы жасақ басшысы-мыңбасы болды. Алайда, кеңестік кезеңде ұлт азаттық қозғалысының алғашқы белгілерінің бірі есептес осы оқиға арнайы зерттелген жоқ. Ал егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет құрған елімізде ұлт тарихының осындай «ақтаңдақ» беттеріне түсінік беріліп,талдау жасалар деген үміттеміз.

Қабылахат СЕЙДАХМЕТ, журналист

Қостанай қаласы

 

Мынаны да қараңыз

Төлен ӘБДІК: Тарих және тарихи тұлға

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. ...

3 пікір

  1. Жиырмасыншы ғасырдың басында Торғайда болған отаршыларға қарсы наразылық уақиғаларының бірін ашқандай ,Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

  2. Қостанайдан

    мақалада жазылған оқиғаның өмірде болғаны шындық. Ұлт-азаттық көтерісте Мерген ағайындар белсенді қатысып, Кеңес үкіметінің орнығуына үлес қосқаны рас. Қолжазбаның суретін сұрау қисынсыз дүние. Әдептілікті сақтайық!

  3. «Телеу» атын бүркенгенге
    Біріншіден,мына пікірге жауап жазу міндетті болмаса да,атаның аруағы атқырлардың бабама да тілі тигендіктен «итше балаққа жармасқандарға» жауап жазуға тура келіп тұр.Негізгі тарихи деректі анықтағысы келгендердің,1973 жылы Алматыда басылған «Аманкелді Иманов»құжаттар жинағы атты кітапты оқып көрулеріне болады(.Әрине,өсек айтудан қолы босаған сәттері болса)Кеңестік кезде тарихи деректердің қалай тексеруден өткенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі.
    Екіншіден,Менің атам туралы толығырақ білгіңіз келсе,Манаш Қозыбаев,Бек Сүлейменов тәрізді тарихшылардың 1916 жылға байланысты жазылған еңбектерін оқып көріңіз (әрине өреңіз жетсе,жетпесе өкпеміз жоқ…)
    Үшіншіден,мақалада ешқандай қолжазба туралы айтылмайды.Санасы жеткен адамғка деректің Алматыда 1973 жылы жарияланған кітаптағы мақаладан алынғаны тайға таңба басқандай түсінікті болуға тиісті.Не оқып отырғанын сезінбейтін жанға «шайнап берген ас болмас…»
    Төртіншіден: «Аманжол»ұранына байланысты:Торғай уезінің басқарушысы Гарфтың Орынбор губернаторына жолдаған рапортында осы дерек жазылған.Мұны да қатын өсек жинамай,мұрағат құжатын зерттеген жанның тауып алып оқуына болады.Қажет болса,мұрағаттағы қай істе тігулі тұрғанывна дейін нұсқап бере аламын.
    Бесіншіден: «Телеу»деген бүркеншік атыңыздан-ақ,шежірені жақсы білетін,арызқой шалдардың «батасын алған»Торғайлықтың бірі екеніңіз байқалды.Атамыз қазақта»ит қапты деп мен қапсам, менің адамдығым қане»деген аталы сөз бар,ал Мөңке би «Ауыз дарбаза,сөз самал,құдай ұрғанға не амал» деген екен…
    Алтыншыдан:Бұл мақаланы осы сайттың иесі,өзім құрмет тұтатын Қорған Әмірхамзин атаның ұрпағы Амандық бауырым өтінген соң жазып едім.Қажет десеңіз,өзімен хабарласып анықтай аласыз.Сондықтан ауыз өзімдікі деп көкіп сөйлеп,не оқып,не жазғанын өзі де түсініп,білмей отырғанға(адамға деуге ауыз бармай отыр)өсеккке жауап қайтарып,хат жазғым келмеп те еді.Көпшілік оқырманға түсінік беру мақсатымен жаздым.Қыпшақ Нарманбет датқа айтқан екен:
    «…Жапалақ құс мақтанар,
    Жар басына қондым деп,
    Жаман адам мақтанар,
    Жақсысын бұттан шалдым деп,»аруақты бабалардың осындай асыл сөзіне қосар еш сөзім жоқ…

Қостанайдан жазбасы үшін пікір қалдыру Отменить ответ

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *