Жиырмасыншы наурызды тосып отыр…

КАР!

Мен көресіні әйелден көрдім. Кәдімгі өзімнің «жекеменшік» әйелімнен. Таңның атысынан күннің батысына шейін теледидардың алдында бітпейтін сериалдарды көріп мөлиіп отыратын қатыным өнер шығарды. Бірдеңеден ұшынды ма, әлде бірдеңеден шошынды ма деп сұрағыңыз келіп тұр-ау. Жоға, желік бітті. Желік бітіп еді, барлығынан жеріп кетті. Дүкенге барса – түңіліп келеді, базарға барса – жүгіріп келеді. Қолына доллар ұстап көрмесе де қарғайды, қымбатшылық-қымбатшылық деп сарнайды. Үкіметке өкпелейді, жерді тепкілейді. «Нағыз өмір – депутат болған, тіршілігіңе, кәсібіңе қорған» деп миымды жейді. Үндінің киносын көргенде ғана сәл сызылады, артынан айрандай бұзылады. Парламент Мәжілісі тарайды дегелі – бірдеңеден дәмелі… Сенерсіз, сенбессіз, сайлауға түсемін деп өзеуреп жүр, ол жақты да өзім деп жүр. Мәслихат сайлауы болса бір жөн ғой, Мәжілістен дәмесі бар бір жан ғой. Күндіз ас батпайды деп көлгірсиді, түнде ұйықтай алмай дөңбекшиді.
«Әй!» дедім кеше «тілім» шығып,
«Бұғаудағы» тілімнің бізін сұғып:
– Осы сен алжығаннан саумысың?
Айтып жүргенің қай сайлау?
– Парламенттің Мәжілісі,
Сайлаулардың ең ірісі.
– Сен өзі партияда барсың ба?
– Жоқпын…
– Онда ортасында қалдың ғой оттың!
Байғұс-ау, баяғыдай жеке дара шаба алмайсың,
Құр босқа бажылдайсың,
Сенетін тірегің де жоқ,
Мәжіліске баратын іреңің де жоқ,
Қалтаңда тиының да жоқ,
Қолыңда бұйымың да жоқ,
Жарнаға төлейтін 342 мың түгілі,
342 теңгең де жоқ,
Не сөзіңді сөйлейтін
Ол жақта жеңгең де жоқ,
Осы сені қай түлен түртіп жүрген?!
Деп күңкілдегем…
Қатыным сасатын емес,
Бетін басатын емес…
– Тіркелген жеті партияның біріне тізілемін,
Көздеріне түсіп сүзілемін,
Халыққа уәдені үйіп-төгемін,
Өзімді керек жерінде аямай сөгемін,
Мәжіліске сайланатын 107 депутаттан нем кем,
Шалжиып отырамын мен де ертең,
Содан кейін үнсіз тіршілігім басталады,
(Сенің де жағдайың жақсарады).
Әйелдердің зейнет жасын соза түсемін,
Бұрынғылардан оза түсемін,
Депутаттық сауал жолдап шаршамаймын,
Халықтың жағдайын айтып жар салмаймын.
Үкіметтің миын жеп қақсамаймын,
Өзімді тоқ санаймын.
Бас деген «кнопканы» басып қаламын,
Аш деген жерін ашып қаламын,
Сенімдеріне кірсем болды,
Айбақтатып қоя саламын қолды! – деп бөсіп отыр,
Өзі жиырмасыншы наурызды асыға тосып отыр.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕКОВ

 

Евгений Кранның карикатурасы

 

Мынаны да қараңыз

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫНЫҢ қалжыңдары

Бір орыс елінің қатыны… Cейіт Кенжеахметұлы Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдары «Қазақ тілі» қоғамының Торғай ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *