Қолмерген

%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d0%ba%d0%b8

Елі мен жері үшін өмірін арпа­лыс­та өткізіп, сол жолда жанын пида ет­кен жаужүрек ұлдарын туған халқы еш­қа­шан да ұмытпаған. Олардың аяулы есім­дерін ардақтап, аңыз-жырға айналдырып, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге тырысқан. Сондай ел есінде сақталған есіл ерлеріміздің бірі – Кейкі Көкембайұлы.

Батырдың бейнесі артындағы ақар­лы-шаһарлы жұртымен бірге жасап, өмір­шеңдік танытса да кешегі кеңес дәуірін­де солақай саясаттың салқынымен ғылыми зерттеулерден алынып тастал­ғаны белгілі. Соған қарамастан, Ғ.Мүсі­репов­тің «Аманкелді» пьесасында, М.Қа­ратаевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәр­секеевтің «Қызыл жалау», А.Нұр­мановтың «Құланның ажалы» роман­дарында ақиқаттың астарлап болса да айтылғанын көңілге медет тұтамыз.

Ал, Тәуелсіздік алған уақыттан бас­тап тарихи тұлғаның тағдырына ар­нап К.Әмірқызы, С.Тұрғынбекұлы, А.Бай­жан, Ә.Қылышбайұлы, Қ.Әлім және тағы басқалары мерзімді баспасөз беттерінде қалам тартты. Бірақ жарық көрген сол ма­қала, кітаптарда Кейкінің күрес жолы тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер негі­зінде жазылды және мұндай талпыныс оның өмірбаянына қатысты көптеген жаңсақтықтарға жол ашты. Мәселен, оның туған, өлген жылдары, кеңестік билік­ке қарсы күрескен тұстары бұрма­ланып көрсетілді. Мұның басты себебін мұрағат қорларындағы құжаттардың сол уақытта әлі ғылыми айналымға түс­пеуі­мен түсіндірсек қателесе қоймаймыз.

Сонымен, қолдағы бар деректер мен жинақталған мұрағат қорларындағы құжаттарды саралап байқасақ, батырдың өмірі былай өріледі. Кейкі Көкембайұлы 1877 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болы­сында дүниеге келген (қазіргі Қос­­танай обл., Аманкелді ауд., Тасты ауылы). Азан шақырып қойған аты – Нұр­мағанбет, руы – құлан қыпшақ. Көп кісіге қосылмай кейкиіп жүретін бол­ғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Сөйтіп, ел арасына «Кейкі» аты­мен танылған. Шежіреге зер салсақ ол бес ағайынды болған. Көкембайдан Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұ­бар туады. Осылардың ішінде бүгінде тек Қосжанның ғана ұрпағы бар. Кеңес өкі­меті кезінде Көкембайдың кінді­гі­нен тараған ұрпақтары «банды», «ба­сма­шының» туыстары деп айыпталып, би­лік басындағылардан теперішті көп көрген.

Батыр жастайынан өздерімен рулас, Торғай өңіріндегі атақты бай Шашам­бай­дың Рахметі деген кісінің бетке ұстар жылқышысы болған. Атақты Аман­кел­ді­­мен бірге барымтаға да түскен атан жі­­лік­ті азаматтардың қатарында бой түзеді.

Кейкі батырдың елін күреске бас­тап шығуы және отарлық саясатқа қар­­сы қарулы қарсылық танытуы, аты­­ның ел аузына ілігіп «құралайды кө­з­­ге атқан мерген», «батыр» атануы Тор­­ғай даласындағы 1916 жылғы қа­зақ хал­қы­ның ұлт-азаттық көтерілісі тұ­сын­да көрініс тапты.

Қазақ даласын тұтастай шарпыған Ресей патшасының 1916 жылғы 25 мау­сымдағы жарлығы түрткі болған азат­тық жолындағы күресте Кейкінің батыр­лығымен қатар құралайды көзге атқан мергендігі кең танылды. Сол көтеріліс кезінде ол Торғай даласында құрылған Қыпшақ хандығының мергендер мыңдығын басқарды. Әу баста «патшаға қара жұмысқа адам бермейміз» деп өз қарсылығын танытып, ұйысқан халық бара-бара жеке хандық құрып, ауыз бір­лігін танытты. Көтерілісшілердің 50 мың­дық әскеріне А.Иманов бас сар­дар болып тағайындалса, хан қылып хал­қы Ә.Жанбосыновты көтерді. Кейкі ба­тыр­дың ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Құм­кешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да пат­шаның жазалаушы әскерлерімен бол­ған шайқастарда анық көрінді, ас­қан мергендігімен, ержүректігімен көз­ге түсті, яғни көтерілістің даңқты қаһар­ма­ны­на айналды, ерлігі аңыз болып тарады.

Оның көтерілісшілерге келіп қосылуы­нан хабар беретін алғашқы құ­жат 1916 жылғы 30 желтоқсандағы Тор­ғай уезі, Қайдауыл болысы С.Бек­тасов­тың уезд басшылығына жазған жеделхатындағы «…№11 ауылдан 10 адам­мен Кейкі Көкембаев қосылды» деген мәліметі (А.Иманов. Мақалалар, материалдар, документтер. А., 1975 ж., 65 б.). Біздіңше бұл мәлімет Кейкі батырдың Торғай өңірінде көтерілген елге соңын ала қосылды деген ойды туғызбаса керек. Өйткені, 1916 жылғы 9 шілдеде көтерілістің орталығына ай­нал­ған Батпаққарада Ә.Жанбосынов бас­таған сарбаздардың арасында Аман­келдімен бірге Кейкі де жүрді. 24 шілдеде Торғай уезі бастығының хабарлауынша Торғай және Ырғыз қазақтарының қырға көшуі, онда қарулы сарбаз құру туралы хабарланған болатын (Мырзағалиұлы М. 1916-1917 ж. Торғай қазақтарының көтерілісі.-А., 2005, 162 б.).

Сол жылдың қазан айында 7 мыңдай қарулы сарбаздар Ақтүбек деген жерге жиналып, Торғай қаласына шабуыл жасау, әскери гарнизонды басып алу мә­се­лесін талқыға салды. Кейкі батыр 1916 ж. 21 қазанда Татыр көлі маңын­дағы шайқаста алғашқы сынға түсті. Ол басқарған мергендер мыңдығы жазалау­шылардың шабуылына тойтарыс беруде асқан ерлік танытты. 6 қарашада Ә.Жан­босынов пен О.Шолақовтың бірік­кен қолы Торғай қаласына шаб­уыл жаса­ды. Осы қаланы басып алу жо­лын­д­а­ғы ай­қаста Кейкі бастаған мер­ген­дер нысанаға алғанын баудай түсіріп отырды.

Қыстың түсуіне қарамастан көтері­ліс­шілер күресін жалғастыра берді. 1917 жылдың 13 қаңтарында көтерілген халықты сабасына түсіруді мақсат етіп ел ішіне шыққан Кислов басқарған Қостанай жазалаушы әскеріне Аманкелді мен Кейкі басқарған 1500 сарбаз Шошқалы қопасында тұтқиылдан шабуыл жасады. Күштің тең болмау салдарынан шегіне жү­ріп ұрыс салған қазақ сарбаздары жау­ға қарсы Күйік қопасында қайта ұрыс салды. Нәтижесінде жазалаушы әскердің мақсаты орындалмай кері шегінді.

1917 жылдың 16 ақпанында Торғай көтері­ліс­шілерінің тобын жою үшін пол­ков­ник Тургеневтің Орынборлық 13 ат­т­ы казак полкі Батпаққараға бет түзе­ді. Жазалаушылардың қалың қолына көтеріс­­шілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақ­­панда Доғал-Үрпек бойында шаб­уыл жасап, патша әскерін едәуір шы­ғын­ға ұшыратты. Осы шайқаста Кей­кі ба­тыр­дың тапқырлығы, соғысу тәсіл­де­рін меңгерген шеберлігі, нысанаға ал­ға­нын мүлт жібермей, жауына жасын­дай тиген ерлігі ел аузына ілігіп, даңқы асты. Сол шайқастардың куәгері, ақын Ф.Сатыбалдыұлының: «100 жігіт жетіп келді Қапар ханға, Менмұндалап аттары аталғанда. Кейкі менен Өменді басшы қылып, елуден аттандырды Тышқантамға. Қолынан бір Кейкінің 40-ы өлген, Тұрған соң шама барма аруа­ғы асып» – деп батыр ерлігін жыр­ға қосты (//Ана тілі, 20.03.1997. 4 б.). Тапсырманы орындай алмаған пол­ковник Тургеневтің Торғайға қарай ше­гі­не қашқан жазалаушы әскерінің со­ңы­нан екі күндей қуып Кейкі бастаған мер­гендер тобы 50 дұшпанның көзін жойды.

Орталық Ресейде 1917 ж. ақпанда патша тақтан құлап, уақытша үкімет орнаған тұста Торғай жеріндегі көте­рі­­ліс­­ші­лер әскерлерін таратпай, іс­тің ақырын күтті. Өйткені, қазақ даласындағы билік үшін жүріп жатқан ақ пен қызылдың тартысы, шыны керек қарапайым қазаққа түсініксіз қалыпта өрбіді.

Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі нәтижесінде өкімет басына келген большевиктер билігі уақыт өткен сайын нығая түсті. Торғай жеріне жаңа биліктің өкілі ретінде облыстық комиссар болып келген Әліби Жангелдиннің үгіт-наси­хатымен Амангелді Иманов пен Кейкі Көкембаев бастаған 1916 жылғы көтері­лістің сарбаздары большевиктер жа­ғы­на шықты. Сол күндерде «Сен ақ жа­ғын­дасың ба, әлде қызылдарға қарайсың ба ?» – деп сұраса, «Мен Аманкелді қай жақта болса сол жақтамын» – деп жауап қататын Кейкі батыр 1918 ж. 18 наурызда А.Имановпен бірге Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ съезіне қатысады. «Бұл съезде Ә.Жангелдин де болды. Съезден кейін ол жақтан Аманкелді мен Кейкі жаңа әскери киімде оралды. Бұл киімде олар нағыз үлкен командирлерге ұқсайтын» деп жазады естелігінде сол күндердің куәсі А.Ерходжаев (ҚР ПМ, 811-қор, т-6, іс-204. 3 бет).

Аталған жиыннан оралысымен Ә.Жан­­гел­диннің тапсырмасымен А.Иманов пен Кейкі батыр Торғай уезін­де боль­шевиктердің жергілікті билік ор­ганын және қызыл армияның отрядт­тарын құруға кіріседі.

Бірақ, 1919 жылғы сәуір айындағы А.Имановтың және Қыпшақ хандығы­ның көсемі Ә.Жанбосыновтың жұмбақ жағдайдағы өлімдері деректерге қара­ған­да батыр өміріндегі үлкен бетбұ­рыс­тың басы болды. Кейін кеңес өкі­метінің Алаш қайраткерлеріне қарсы қудалау науқанын бастап, жүргізгенде Аманкелдінің өліміне кінәлілер ретінде алаштықтар ілікті және сол жұмбақ өлім айып болып тағылды.

Кейкі бастаған қарулы сарбаздар қос ерінің өлімінен кейін сеңдей соғылыс­қаны­мен, іргелерін ыдыратпады. Билік басын­дағылардан әзірге еш қайран бол­масын түсінген олар қаруларын тас­та­мады. Бұған 1919 жылы қазан айын­да Торғайға атбасын бұрған Ә.Жан­гелдин де (Ә.Жангелдин. Докум. мен мат., А., 1975, 67 б.), Өлкелік әскери комис­сариаттың инспекция төрағасы да Тор­ғай уезіндегі халықтың қаруларын әлі де тастамағандығын атап өткен (Арқалық айм. мем. мұр. қ-109, т-1, іс-2, 2 б.).

Кейкі бастаған сарбаздардың қайта атқа қонуына қызылдардан жөңкіле қашқан Колчактың қалдық әскерлерінің бейбіт ауылдарды тонауы себеп болса, бір жағынан қызыл әскерлердің де азық-түлік салғыртын жинауды сылтауратып қазақ ауылдарына істеген зорлық-зомбылығы әсер етпей қоймады. Жергі­лік­ті атқамінерлердің мұндай бассыз­дықтары жайындағы деректерді 1920 ж. 10 ақпанда Торғай уездік әскери комис­сариатының қызметкері Валидов баяндамасында молынан келтірген (ҚР ПМ, қ-40, т-1, іс-241, 1 б.). Бұл Кейкі сын­ды ер­лердің жаңа билікке деген көңіл­дерін суытты.

1919 ж. жазында Торғай жеріндегі жергілікті кеңес өкіметін құлатып, бар билікті қолына алған алашордалықтар большевиктерге қызмет жасаған Аман­гелдінің жақтастарын қуғындауды бас­таған болатын. Осы мақсатта 20 адам­нан тұратын әскери далалық сот құ­рылды және осы құрыққа «Аман­кел­дінің жақтасы» ретінде Кейкі де ілікті. Алғашқы сәтте жоғарыдағы сот­тың үкімімен 15 «большевик» санатындағылар атылды (ҚР ПМ, қ-811, т-20, іс-404,3 б.). Далалық соттың ше­ші­мін орындау үшін В.Кафка мен С.Қаратілеуов бастаған жазалаушы әс­кер ел ішіне шығып, «большевиктерге» бүй­регі бұрғандарды қудалауға, қолға түскендерін жазалауға кірісті. Олардың әрекеті жайында 1919 ж. 2 желтоқсанда Тор­ғай губаткомының Торғай уезіндегі өкі­лі С.Көшімбеков өз баяндамасында кеңі­рек жазады (ҚР ПМ, қ-811, т-20, іс-404,3 б.).

Бұған төзбеген Кейкі батыр қол жи­нап, үзеңгілес серігі А.Имановтың ауы­лын және туған-туыстарын қорғау үшін аттанады. Орын алып отырған әділет­сіздікке қарсы тұруға бекінеді. Сол тұста оның қасынан 1916 жылы патша әскеріне қарсы шайқаста шыңдалған жақтастары табыла кетті. Батыр қолдағы деректерге қарағанда, С.Қаратілеуовтің әскеріне қарсы соғысуға бекінген. Сар­баз­дардың қарулы сұсынан сескенген алаш­тық әскер кері қайтады. Бұл оқиға ел аузындағы әңгімелерден бөлек, жыр­ларда кең көрініс тапқан. Мысалы, ақын Қанайбековтің «1919 ж. июль айында С.Қаратілеуовтің шығуы» атты бұ­рын жарияланбаған дастаны (Орт. ғы­лыми кітапхана. Сирек қолжазба қоры, 1019 бума, 45 б., 1013 бума, 74 б.). Осын­дай сарындағы жыр-дастандарды ел ара­лап латын әрпімен алғаш қағазға түсір­гендердің бірі академик Әлкей Марғұлан.

Көп ұзамай қалың әскермен Орын­бордан келген комиссар Ә.Жан­гелдин Торғайдағы Алаш Орда билігін құлатты. Сөйтіп, билік үшін өрістеген күрес те саябырсиды, кеңестік бағыттағылар үстемдікке ие болды. Ал, қара халыққа керегі сол тұста алдымен тыныштық, жүдеген шаруасын күйттеуіне мүмкіндік қана еді.

Ел арасы тыншыған соң, Кейкі батыр бейқам тірлікке көшіп, билік ісіне аралас­пайды. Соған қарамастан, батыр­дың әр басқан қадамы аңдулы еді. Оған мұрағат қорларындағы құжаттар дәлел (ҚР ОММ, қ-66, т-1, іс-53).

Жаңа билік өкілдерінің үнемі назар­да ұстағаны алды­мен 1916 жылы көтері­ліс­те елді бастаған батырлар еді. 1920 жыл­­дың басында 1916 жылғы көтері­лісте Арғын хандығының ханы болып сайланған О.Шолақовты және мыңбасы Қ.Алтынсаринді «…үкіметке қарсы әрекет етушілер» ретінде айып тағып, соттап Семейге, кейін Сібірге жер аударды (//Ег.Қазақстан, 29.11. 2002 ж.). Бұл кеңес үкіметі 1916 жылғы көтерілістің даңқты қаһармандарына сенімсіздік танытып, оларды құрықтауға бел шеше кіріскендігін аңғар­тады. Өйткені, халық ішінде беделді, көзі тірі­сін­де-ақ аты аңызға айналған Кейкі сын­ды ерлердің кез келген сәтте елін соңы­нан ертіп, жұмылып жұдырық бола ала­тынын 1916 жылғы оқиға көрсеткен еді.

Батырдың кеңес билігіне алғашқы қар­сылығы ауыл белсенділерінің қыз­мет­терін асыра пайдаланған басбұзар­лықтарына бағытталды. Оның үстінен жоғарыға жөнелтілген жалған арыз, ақпарлар оны «жау», «банды» деп қуғындауға негіз болды. «Он стал мстить русским и день от дня организовал себе больше и больше банду, пуская агитацию среди киргиз, что он идет освобождать киргиз от ига русских. …В 1921 году в июле месяце у него было 70 человек хорошо вооруженных» деп әділетсіздікке қарсы шыққан әрекеті негізсіз бағаланып, жоғары жаққа жөнелтілді (ҚР ОММ, қ-427, т-9, іс-53, 203 б.) және оның сарбаздарының қатарына жазықсыз жапа шеккен, қызылдардан теперіш көрген жарлы-жақыбайлар да қосылды.

1921 ж. жазында Кейкі «бүлігін» басу үшін Торғайдан шыққан қызыл әскер­лер­мен Сарыторғай өзенінің бойында шайқас болып, Кейкі жаса­ғы іргелес жатқан Атбасар уезіне қарасты Бағаналы ауданына ығысты. Бұл өңірде де кеңес саясатына қарсы елдің наразылығы өршіп тұрған шақта Кейкінің келуі отқа май құйғандай әсер етті. Бұл жайлы Атбасар уездік парткомитетінің мәжілісінде айтылып, дабыл қағылды (ҚР ПМ, қ-139, т-1, іс-80, 34 б.).

Ел аузындағы қария сөздерге қараған­да Кейкінің соңынан ерген халық орта­ларынан Бағаналының төрт бо­саға­сының бірі атанған, атақты Бабыр­дың немересі Құлсейітті хан сайлап ал­ған. 1921 ж. шілденің басында Қар­сақ­­пай милициясының кеңсесіне шабуыл жаса­лып, ұрыс үстінде бірнеше мили­­цио­нер қаза табады. Сол сияқты, көтері­ліс­шілер Қорғасындағы мырыш кенішіне бақылау орнатты (қазіргі Қарағанды обл, Ұлытау ауд., Шеңбер кеңшары).

Сөйтіп, Атбасар уезі басшыларының «бандитизммен күрес» мәселесіндегі бас ауыртар басты тұлғасына айналған Кейкінің көзін жоюға уездік ревкомның бар күші жұмылдырылды. 1921 жылы 28 шілдеде құрамында 438 адамы бар Плескачтың басшылығымен Атбасардан әскер шықты. Екі жақ Ұлытау маңында кездесіп, жеңіліс тапқан Кейкі жасағымен шегініп кетеді.

Сол жылдың 20 қазанында Атбасар­дан И.Исайкин қалың әскермен шығып, көтерілісшілерді қуғанымен жете алмай, суықтың түсуіне байланысты олар да кері қайтады. Бұл жөнінде И.Исайкин естелігінде тәптіштеп жазған (ҚР ПМ, қ-811, т-1, іс-26, 16-17 б.). Енді батырдың жа­са­ғымен оңтүстіктегі Қызылорда өңі­ріне қарай ойысуынан басқа жол қалмады.

Қарсақпай зауытының алғашқы директоры, Кейкіге қарсы ұйымдасты­рылған шаралардың басы-қасында жүрген И.Деев естелігінде: «После разгрома отряда Кейки скрылся и оказался в районе озера Телегуль, около Кызыл-Орды, где опять собрал отряд до 350 человек. Расположивщая по дороге Карсакпай-Кызыл-Орды Кейки начал грабить всех проезжающих» деп батырдың 1916 жылы Атбасар уезінде құрылған Бағаналы хандығының бас дін басшысы Ахмет ишан Оразаевтың ауылына жақын маңдағы Шұбартөбе деген жерге барып паналағанын жазады (ҚР ПМ, қ-811, т-1-80, іс-15, 108 б.).

Кейкінің кеңес саясатына қарсы қарулы күресі осы кезде Орта Азияда өрши түскен басмашылық қозғалыс жетекшілерінің назарын да аударған болатын. Аталған қозғалысты ұйым­дастырушылардың бірі башқұрт аза­маты, аты әлемге танымал З.В.Тоған естелігінде 1921 ж. күзде ислам әлемін біріктіру үшін күресуші, Түркия әскери күштерінің маршалы Әнуар пашаның Кейкіге арналған қылышы мен сый-сияпатын, қазақ «басмашыларына» нұсқауын жеткізу үшін Қазақстанға өтуіне көмектесуін сұраған елшілердің келгендігін айтады (Тоган З. Вос­поминания. Москва, 1997, 323-325 стр.).

Енді қарулы әскермен Кейкі батырды ұстаудың қиындығын жете түсінген Торғай және Атбасар уезінің басшылары бірлесе отырып оны алдап қолға түсірудің амалына көшті. Сөйтіп, Ә.Жангелдиннің атынан қолы қойылып, мөрі басылған жалған хат дайындалды. Аталған хатта батырдың бар «күнәсі» кешірілетіндігі және Торғайдан қызмет берілетіндігі айтылды. Батырға хатты тапсыруға Ахмет ишан таңдалды және Кейкінің сарбаздарымен ишан ауылының маңында қыстап жатқандығы есепке алынды. Жоспарды іске асыру 1922 жылғы наурыздың басы болып белгіленді (ҚР ПМ, қ-811, т-1-80, іс-15, 124 б.).

Сөйтіп, Торғайдан Н.Токарев, Қарсақпайдан С.Мағзұтов бастаған қызыл әскер 1922 ж. науырыздың басында ишан ауылына келіп жетті. Әскерлер ауыл маңына жасырынды, ал Н.Токарев және С.Мағзұтовтармен келіссөз жүргізу үшін Ахмет ишан үйіне келген жерінде Кейкі қапыда қолға түсті. «Операция прошла удачно. На месте расстреляны основные виновники его отряда, а остальные распущены по домам. Товарищи Токарев и Магсутов решили Кейку и его брата доставить в Тургай» деп оқиға барысын баяндайды куәгер И.Деев (Көрсетілген қор, 107 бет).

Сонымен, тұтқынға түскен батырды, жары Ақжан, інісі Түскенмен бірге Торғайға жеткізу үшін Токарев жолға шығады, ал, Мағзұтов әскерімен Қарсақпайға қайтады.

Ал, Кейкінің қалған сарбаздары батырды қызылдардың қолынан босатып алуды ойластырып, Токаревтердің артынан еріп отырып, дегендеріне жетті. Қостанай губштабының бастығы Чернышев Орынборға жөнелткен жедел­хатында: «18.03.22 г. начальник отряда Токарев, следовавший впереди отряда вместе сопровождающим его милиционером района ауле Муршибай …наскочил засаду бандита Кукумбаева числ. 14 чел., который был обезоружен и увезен в неизвестном направлении. Банда Кукумбаева имела целью захватить отряд Токарева и освободить банду Кейка» (ҚР ОММ, қ-66, т-1, іс-53, 116 б.) деп жазса, Торғайдағы ЧОН-ның взвод командирі Стукан да Қостанайға салған 19.03.22 ж. № 056 жеделхатында сарбаздардың Кейкіні босатып әкеткенін растайды (Көрсетілген қор, 203 б.). Жолай Кейкі Токаревті атып кетеді.

Бұл суыт хабар шұғыл түрде Торғай­ға жетіп, ол жақтан взвод коман­дирі Стукан бастаған ЧОН-ның әскері шы­ғып, қашқандарды індете қуды (Қазақ даласындағы кеңес саясатына қарсы көтерілістерді басу үшін Төтенше тапсыр­маны орындайтын /ЧОН/ бөлімдер құрылған болатын. Торғайда сондай әске­ри бөлімдердің бірі 1921 ж. 12 қазан­да құрылған Торғай взводы). Ақы­ры Жыланшық өзенін бойлай қаш­қан Кейкілер 1922 ж. 29 науырызда Жалаулы деген жердегі қыстақта түнеуге тоқтағанда қоршауға түседі. Сөйтіп, есіл ер қызылдармен болған осы атыста қаза табады. «29.03.22 г. бандит Кейка пойман отрядом под командированием отд. командиром тов. Дудина 200 верст от Тургая, растрелен на месте и с ним человек бандитов № 5» деп жазылған № 084 санды жеделхатты Стукан Қостанай губштабына жөнелтті.

Қызыл жендеттер бұларды айуан­дықпен өлтірді: батырдың екі қолы, басы кесіп алынды, айы-күні жетіп отырған Ақжанның ішін жарып, нәресте етік табанына тапталды және інісі Түскен де азаппен өлтірілді. «…в доказательство, что Кейка был убит, отрублена голова и доставлена в Тургай» деп көзімен көргенін жазса И.Деев, тағы бір куәгер С.Искаков «Кейкінің басын қанжығасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі Кеңес үкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді» деп көрсетеді естелігінде (ҚР ПМ, қ-811, т-6, іс-233, 27 б.).

Батыр бабамыздың басы әлі күнге дейін Санкт-Петербург қаласындағы кунсткамера қорында сақтаулы тұр. 1995 ж. 24 наурызда Мәскеуден ҚР ІІМ-іне жіберілген хатта: «МИД РФ свидетельствует свое уважение Посоль­ству РК в Москве и ответ на ноту МИД РК № 19/63 от 13.01.95 г. имея честь сооб­щить следующие: Череп К.Кокем­баева действительно хранится в антропо­ло­ги­ческом фонде кунсткамеры г. С.-Петер­бурга» деп көрсетілуі сөзіміздің айғағы (//Торғай, 1998 ж., 27.03., 3 б.). Сонымен бірге, 2000 жылы қазақ халқының ХIХ ғ. ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі К.Қасымұлының басын арнайы С.Петер­бургке іздеп барған экспедиция мүшелері де газет бетінде жариялаған мақалаларында Кейкі батырдың басы сақталған қорапты көргендерін жазды (//Қазақ әдебиеті, 18.08.2000 ж. 4 б.).

Бұл жат жұртта жатқан бабамыздың бас сүйегін туған жеріне әкеліп қою мәсе­лесінің әлі де өміршеңдік танытып отырғанын көрсетеді. Түптеп келгенде, бұл ұлты үшін күресте жанын қиған баба­мыздың аруағы алдындағы, келешек ұрпақ алдындағы парызымыз.

Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ,

тарих ғылымының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі

www.egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Қазақ баспасөзінің қаһарманы

Биыл әкем белгілі журналист, публицист, ғалым, қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің туғанына 70 жыл болар ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *