ЖҰМАТАЙТАНУ
Бақилық болған қаламгерлердің мерейтойларын туған елі мен артында қалған ұрпағы өткізіп, естен шығармай еске салып отырады. Жұматайдың да бақилық өмірін ұзартар ұрпағы мен атақты Аманкелді батыр атындағы даңқты елі бар. «Қостанай таңы» газетінде жарияланған өлеңімде:
Өсті бүгін азамат боп Саятың,
Жігіт емес сара жолдан таятын.
Айнұр, Гүлнұр қырмызыдай қыздарың
Еңбегіңді сақтап, елге жаятын.
Сүйеу болған қиын-қыстау шақтарда,
Әминаң да лайықты жар мақтауға.
Жеті қызға жазған жетпіс жырыңды
Бірін жыртпай, сары алтындай сақтауда (Неткен кең көңілді мәрттік десеңізші! Басқа қызғаншақ әйел болса, бірін қалдырмай жыртып тастар еді-ау). Сонымен бірге Жұматайдың Жомарт, Нағашыбай, Әлімжан сияқты әрқайсысы бір-бір тұлға жауынгердей туған інілері бар. Иә, сол Әмина бастаған ұрпағы Жұматайдың 60 жылдық мерейтойын 2007 жылы Аманкелді батыр ауданында өткізген. Орталықтағы Мәдениет үйінде еске алу мәжілісін:
Ел үшін атқа мініп буысқан бел,
Ел намысын ерлерше қуысқан ер.
Сол ұлдарың оралды ортаңызға,
Ардақтап қарсы алыңдар, туысқан ел! — деп бастап, мен жүргізген едім. Туған елінің, туған жерінің атын шығарған ұлдарын қадірлеп, ардақтауда біздің аманкелділіктер еш елден қалыспайды. Аудан басшылары Жұматайдың 60 жылдық мерейтойын өткізуге жақсылап атсалысты. Жұматай оқыған Қабырға ауылындағы орта мектепке Жұматай Сабыржанұлының есімі берілді. Мәдениет үйіндегі еске алу мәжілісі тойханадағы асқа жалғасты. Келесі күнгі мерейтой оның туған ауылы айдынында аққу жүзген Алакөл жағасына тігілген киізүйлерде өткізілді. Жұматайдың балалық шағы өткен, балық аулап, айдынында қаз-үйректермен бірге жүзіп, шомылған осынау сұлу да тамаша көлге біз де түсіп, рахаттандық. Көл жағасынан Жұматайдың ізін көргендей тебіреніп қайттық.
Алакөл – Жұматайдай ардагер асыл азамат туса туғандай, қиялыңа қанат бітіретін табиғаты тамаша көл, құтты мекен, аяулым дейтіндей ауыл екен. Мен Жұматайдың өлеңге, өнерге, әдебиетке деген таңғаларлық биік талғамына іштей таңданатым едім. Сөйтсем, табиғатына көз сүйсінетін, айналасын қалың қоға-қамыс көмкерген айдыны шалқыған сұлу көл, сонау қырларға дейін созылып жатқан үзеңгі қағатын ну шабындық шөп басқан туған ауылының көркем көрінісі оның сол биік талғамын қалыптастырған екен-ау. Туған жерінің тамаша табиғатына тартып туды деген осы да!
Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол! — деп Абай айтқандай, Жұматай Сабыржанұлы аманкелділік жерлестерінің және оның туған ауылы, туған елінің қалай мақтан етуіне де тұрарлық тұлға, қайраткер қаламгер. Жоғарыдағы тарауға «Жұматайтану» деп тақырып қойдық. Біз болып, еліміз болып Жұматайды қайта дұрыстап танитын уақыт келді. Жұматай шын мәнінде күрескер қоғам қайраткері. Досым болған соң асыра айтып отырғам жоқ. Ол өзінің бүкіл саналы журналистік өмірін, бойындағы туа бітті сықақшы-сатириктік талантын ел мүддесі үшін жұмсап, өле-өлгенше, қаламы қолдан сусып жерге түскенше әділдік үшін арпалысып, шындық үшін шырылдап, туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әсіресе, ана тілінің жоқшысы болып, тіл тазалығы үшін жан аямай күресіп өтті. Ендеше, елі де оның есімін жиі еске алып жүретін болады, ұмытпақ емес, ұмытылмақ емес.
Ж.Сабыржанұлы өзі қалам ұстаған 25 жыл ішінде үш мыңға жуық сын-сықақ пен сатиралық фельетон жазған. Жарияланбай, зерттеусіз жатқан қызық хаттары, күнделіктері және бар.
Жалпы, Жұматайдың өмірі мен шығармашылығы, азаматтық істері, әсіресе, қазіргі және болашақ журналистерге үлгі. Сол себепті жоғары оқу орындарының журналистика факультеттерінде оқытылуы керек дейміз. Оның өмір жолы журналистер ғана емес, барша жастарға сабақ боларлық. Әр адам әділетсіздіктер мен жолсыздықтарға Жұматайдай қарсы шығып, күрессе, шындықты кеудесін төсеп қорғаса, сол жолда Жұматайдай табандылық танытса, жамандықтар азайып, жақсылықтың жапырақтары қаулай түсетіні сөзсіз.
ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ СӨЗ
Жұматайдың «Өкпелесең, өзің біл» атты кітабының хv1 тарауы былай басталады: «Менің әдебиетке ықыласымды аударған, талғамымды көтерген ұстазым Жұма-Назар Сомжүректің «Ғұмыры бір бастыққа жаққаным жоқ» деп келетін өлеңі бар-ды. Мен де сол. Сөгіс дегенді сұмдық көп алатынмын» деп, әрі қарай жалғастырған. Шәкірттеріңнің осылай өзіңнен алған үлгі-өнегесін бағалап, айта жүргенін естіп білу бір ғанибет қой. Жұматай мысалға келтірген өлең жолдары мынадай болатын:
Тілші боп сынап пайда тапқаным жоқ,
Ғұмыры бір бастыққа жаққаным жоқ.
Бақ емес, азап болды тілшілігім,
Қиындап кетті қайта тіршілігім.
Бұдан да күнім қараң болар ма екен,
Ұстасам әдебиет сыншылығын.
Жабылып бар басшысы ауданымның,
Ақталып обком барып дау да қудым.
Түк өнбей бәрінен де бас сауғалап,
Ақыры Алматыға ауған ұлмын.
Алматыға ауып барғанымнан жамандық көргенім жоқ. Қайта маған солар жақсылық жасаған екен. Бүкіл республикаға тез, өткір әдебиет сыншысы болып танылдым. Газеттер мен журнал редакциялары «бізге бір сын мақала керек боп тұрғаны» деп өздері тапсырыс беретін. Өйткені, дәл сол кезде Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетінің «Әдебиет сынын өрістету туралы» арнайы қаулысы шыққан болатын. Сыншыларға қолдау көрсетілетін. Қазір бізде әдебиетке байланысты идеология жоқ. Сын жазсаң, Жазушылар одағының өзі бас болып соңыңа түседі. Басылымдары өткір сыныңды баспайды.
Содан, өлең жинақтарым да шыға бастаған, сын жинағым да жоспарға енген еді. Төбесіне көтерген сол Алматыдан бес жылдан соң патриоттығым ұстап, елге — Торғай облысына қайта көшіп келдім емес пе. Сол қадамым дұрыс болды ма, әлде бұрыс болды ма, бұл сұраққа әлі күнге жауап беруім қиын. Ол ұзақ хикая. Мүмкін, мемуарлық шығарма жазсам, сонда айтып берермін.
Жалпы, Жұматай екеуміздің басшылардан қуғын-сүргін көру жөніндегі тағдырымыз көп ұқсас. Жұматай мінезінің тағы бір қыры жағымпаздықты да әділетсіздікке жатқызатын. Одан жағымпаздың өзі пайда тапқанымен, қоғам зардап шегеді дейтін. Жағымпаздықты ең сұмпайы, жексұрын қасиет деп есептейтін. Аталмыш кітабында ақындардың жағымпаздықпен жазылған
жырларын мінеп, түйреп тастаған сындары бар. Жағымпаздықты жыландай жиырылып жек көретін. Жұматай бүгінгі асқынған жағымпаздықты көрсе, қандай ащы мысқылға толы сықақтар туғызған болар еді. Асқынған жалғыз жағымпаздық па, өзге де кеселдер өршіп тұр емес пе. Рас, шартты түрде жазылған сын-сықақтар баршылық. Бірақ сол кеселді кейіпкерлердің атын атап, түсін түстеп, сын садағының астына алатын Жұматай жетіспей тұр.
Менің өміріме де Жұматайдай күрескер дос жетіспей, жалғыздық күй кешіп жүрген жайым бар. Мынау бүгінгі әлі жетімсіреп, жүдеп жүрген тіліміз бен дініміз, саудаға түсіп жатқан Жеріміз бен ару қыздарымыз, үлес бұйырмай, сыртқа ағылып датқан дариядай қазына байлықтарымыз және басқа келеңсіздіктерге қарсы тізе қосып, ақыл қосып бірге күресер ме едік деп қайран досты ойлап, пұшайман боламын. Қолдан ештеңе келмеген күнде де сол елдік мәселелер жөнінде мұңдасатын, сырласатын, ішкі шеріңді бүкпесіз ақтаратын досың болмаған жаман екен ғой. Дегенмен, өлең деген досым бар, сырымды соған ақтарамын. Оның біразын Фейсбук әлеуметтік желісінен оқып жүрсіздер. Кезінде Алматыда 500 жазушыдан бір шын дос таппаған Оралхан Бөкеев сияқты мен де Астанадан мұраттас-күрескер дос таппай жүрмін. Қане, қайсысың менімен сондай дос болғыларың келеді?!
(жалғасы бар)
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК