Қазақ қара сөзiнiң, оның iшiнде әңгiме жанрының майталман шеберi Бейiмбет Майлиндей саңлақ қаламгердiң кейiп-кеспiрi қалмай, көзi мағынасыз бақырайып, әшейiнде маңдайынан қайырылатын күтiмдi шашы удар-дудар болып түскен суретi кiтап мұқабасының сыртында. Ерiндерi iсiнiп, бет-аузы домбыққан, телiмi шыққан қайран ер бүгiн бiздiң алдымызда осы сәтсiз бейнесi көзге тосылып тұратынын ойлады ма екен?! Кiтап авторының құпия орында — КГБ архивінде сақталған қолға түспес өте құнды деректерден жазған өзге тақырыптарын қоя тұрып, 66-беттегi «Айыбы ақиқатын айтқаны» деген зерттемені тiлге тиек етуден бастасақ Тоқтар Бейiсқұловтың Бейiмбетке деген әдiл сүйiспеншiлiгiнiң қаншалық екенiне көз жеткiзер едiңiз. Осы арада кiтаптың кiрiспе сөзiн жазған академик Манаш Қозыбаевтiң «автор қазақ әдебиетiнiң алыбы Бейiмбет Майлин туралы ұзақ жылдар зерттеу жүргiзiп, еңбектенiп келедi. Зерттеушiнiң табандылығы, кейiпкерге сүйiспеншiлiгi, материалды толық игергендiгi, шыншыл тарихқа көзқарасы оның пiсiп-жетiлген, майталман ғалымдығын танытады, парасаттылығын бiлдiредi. Бiр сөзбен айтсақ, ол – өз еңбегiмен Бейiмбет Майлинге рухани ескерткiш орнатып жүрген ғалым жазушы» екенін еске ала кеткен артық емес. Ал қаламгердiң «Сөз басы»-нан бiр үзiк сыр аңдасақ: «Елi төбесiне көтерген ардақты адам неге атылды?! Не кiнәсi бар? Жазығы не? Не үшiн атты? Кiм кiнәлi оның атылуына? Ат деген кiм? Атқан Кiм? Сүйегi қайда екен? Обалы кiмнiң мойнында?! Осындай сұрақтар менi зерттеу жүргiзуге құлшындырып отырды».
Жә, осылай деген автор Би-ағаң жайлы қанша iс бiтiрген демейсiз бе?…Т.Бейiсқұловтың Бейiмбет туралы ұзақ жылдардан берi мерзiмдi баспасөз беттерiнде жариялаған татымды мақалаларын есепке алмағанда, «Б. Майлин — сыншыл публицист» деген тақырыппен кандидаттық жұмысын қорғау жолында 1983 жылы «Жазушы» баспасынан «Қанатты қаламгер» атты зерттеу кiтабын, 1991 жылы осы баспадан «Би-аға» атты естелiктер жинағын, 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан «Дарын даралығы» деген кiтаптарын шығарған. Ал мақаладағы әңгiме болып отырған «Толғанай-Т» баспасынан 2000 жылы «Бейiмбеттi атқан кiм» кiтабы. Автор бұл еңбегiнде сол тұстағы НКВД құзғындарының қолдан жасаған неше түрлi айла-шарғы, сұм пиғылдарын тарихи құжаттарға сүйене отырып егжей-тегжейлi ашып береді. Осы барыста ол бiрлесiп жұмыс iстеуге тиiстi болған ҰҚК қызметкерлерiн орынсыз кiнәламайды. Олар Бейiмбетке байланысты iстiң (дело папкасының) мәлiм жерiне дейiн өздерінің көз алдарында қаратып отырады да «ендi мұнан былай ашуыңызға рұқсат жоқ, бiзге берiлген тапсырма солай» десе, iштей күрсiне отырып оны да түсiнедi. Дегенмен, бүгiнгi егемен елiмiздiң ҰҚК орны кешегi КГБ еместiгi мына төмендегi сөйлемдерден-ақ түсiнiктi.
«…Соңғы кезге дейiн, ақталғанына елу жылдан астам уақыт өтсе де, қандай үкiм шығарылды, ол қалай орындалды деген сұрақтарға еш жерден жауап ала алмай, бейхабар келдiк. Нақты бiлiп айта алатын дәйектер қолымызға түспей жүрдi. Өйткенi, оның «iсi» КГБ мұрағатында құпия ұсталды, ешкiмге берiлмедi. Соңғы жылдарда ғана жариялылықтың арқасында қазiргi ҰҚК мен «Әдiлет» қоғамы бiрлесе отырып 1937–38 жылдары нақақтан құрбан болған ардақты азаматтарымыздың кiмдер екенiн, олардың көмiлген жерлерiн анықтауда бiраз жұмыстар жүргiзiлдi» дейді. Осының өзінен-ақ өз заманыңызға разы боласыз. Бiр айтарлық жерi, Т.Бейiсқұловтың бұл еңбегiне зер сала оқып қарасаңыз, ол өзiне мұқият жауапкершiлiкпен қарайтынын айқын аңғарады екенсiз. Комсомол, партия қызметiнiң неше белеңiнен аттаған әрi өзiнiң табиғат болмысынан зейiндi азамат ешқандай мүлт кетпеуге тырысып, оқырманын ойға батыратын сырлы сезiмдерге, парасаттылыққа жетелейтiн тұстарға молынан ұшырасып отырасыз. Әсiресе, бұл кiтап жайлы аузы дуалы, қазаққа қадiрi артық ғұлама тарихшы Манаш Қозыбаевтың беташар сөзiнiң мына бiр тұсына назар аударсақ: «жазушы, көсемсөзшi Тоқтар Бейiсқұловтың бұл еңбегi деректерге негiзделген. Шығарма тiлi жеңiл, фактiлерге өрiледi, оқиғалар iрiлене-iрiлене құбылысқа айналады, кiтап осылай ұлы жазушының бейнесiн, оның трагедиясын аша түседi. Автор замана мұңын, жеке бастың сырын айта отырып, тұтас ел трагедиясын өрбiтедi. Шығарма өзiндiк өрнегiмен, азаматтық жанашырлығымен, жазушыға деген аса зор ықыласымен құнды».
Мақаламыз еңбекқор автордың мерейтойына орайласып отырғандықтан Т.Бейiсқұловтың жалпы шығармашылығына көз салсаңыз, алғашқы жұмысын алыста жатқан ауыл мұғалiмдігiнен бастай отырып, аудандық комсомол комитетiне шақырылып, одан Алматыға партия-совет қызметiне iрiктелiп келуi кадр таңдауда жүзiктiң көзiнен өткiзетiн темiр тәртiп кезiнде оңай шаруа болмағаны екінің бірiне мәлiм шығар. Өзiне-өзi қанағаттанбай үнемi өрге жүзгiсi келетiн Тоқаң қайнаған қызметтiң ортасында жүрiп, 1973 жылы «Қазақстан» баспасынан «Әкелер даңқы жолымен» (ешнәрсе ұмытылмасын дейтiн сәбеттiк ұран үнiмен), 1975 жылы «Жазушы»-дан «Кеудесiн оққа тосып», 1983 жылы «Жазушы»-дан «Қанатты қаламгер» (Бейiмбет туралы), 1991 жылы «Жазушы»-дан «Би-аға», 1994 жылы «Мерей» баспасынан «Желтоқсан ызғары», 1994 жылы «Қазақстан»-нан «Дарын даралығы» (Би – ағаң туралы), 1995 жылы «Демеу»-ден «Сарыбиiк сағасында» (Төңкерiс ауылының тарихы жөнiнде), 1997 жылы «Қоштаспаймын, махаббат» (эпистолиярлық повесть), 2000 жылы «Қаза мен аза» (роман), 2000 жылы «Бейiмбеттi атқан кiм?», 2000 жылы «Толғауы тоқсан тағдыр» (СССР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, Республикаға еңбегi сiнген металлург Байғазы Ысмағұлұлы туралы деректi публицистикалық аян) кiтаптарын шығарған. Негiзгi сөз Тоқаңның, мiне, осындай еңбекқорлығына орай, шығармаларын қоя тұрып, Бейiмбет жайлы болғандықтан (барлық кiтаптарына тоқталып жату бiр мақалада мүмкiн емес, шарт емес те шығар) «Бейiмбеттi атқан кiм?» кiтабын оқып отырып жаныңыз түршiгедi. 110-беттегi «Бейiмбеттiң атылар алдындағы бейнесi» деген суретке қараңыз. Бүгiнгi ұрпақта Бейiмбеттiң атын айтпайтын, оны сүймейтiн бiр қазақ жоқ, бiрақ ол жайлы жұрттың барлығы бiрдей жаза бермейдi, тiптi миллиондардың iшiнен бiреу ғана iздеушi бола алады. Олай болса, Бейiмбет, Сәкен, Iлиястар, тағы-тағы маңдайалды аяулыларымыздың қанын жазықсыз судай ағызған зұлмат заманның жан төзгiсiз жауыз кейпiн нақты құжаттарды сөйлете отырып ұрпақ алдына, зиялы қауым алдына көлденең тартқан Т.Бейiсқұловтың тек қана жалғыз осы еңбегiнiң өзi ұлтымыз үшiн баға жетпес, құны жоқ дүние десек, қателеспес едiк. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн авторымыздың Сәкен, Iлияс, Бейiмбеттерге жабылған жасанды жалаларды НКВД құжаттарына сүйене отырып сөйлетiп келедi де, «Көрдiңiз бе, сөздердi қалай-қалай ойнатады, құбылтады! Әрқайсысы әр түрлi жасама жаламен қараланғанымен, түптiң-түбiнде үшеуiне берiлген жаза бiрдей болып шығады. Берiлгенi қандай жаза?»
Әрi қарай оқиық: «РСФСР Қылмыстық кодексiнiң 58-бабының 2,7,8 және 11-тармақтары бойынша Б.Майлиндi қылмыс жасағандығы үшiн айыпты деп тауып, Қылмыстық кодекстiң 319 және 320-баптарын басшылыққа ала отырып, КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының көшпелi сессиясы үкiм шығарды. Бейiмбет Жармағамбетұлы Майлиндi ең жоғары қылмыстық жаза – атуға кестi, оның жеке өзiнiң заттары тәркiлендi. Үкiм соңғы және 1934 жылдың 1 желтоқсанындағы Кеңес одағы атқару комитетiнiң қаулысы негiзiнде тез орындалуға тиiс», – деп, төраға және мүшелерi арбита қолдарын қойыпты.
…Сол 26 ақпан күнi үкiм шығарылысымен, Горячев Қазақ ҚСР iшкi iстер халық комиссары Реденске құпия қатынас қағаз жолдайды. Онда «Аса құпия» делінген. «Қазақ ҚСР iшкi iстер халық комиссары, Мемлекеттiк қауiпсiздiгiнiң I рангалы комиссары Ж.Реденс жолдасқа. Сiздiң КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының 1938 жылғы 26 ақпанда болған көшпелi сессиясының ең жоғарғы қылмыстық жаза – атуға кесiлгендерге шығарған үкiм орындалуға нұсқау беруiңiздi сұраймын» делiнген де атылатын адамдардың тiзiмi берiлген. Соңына Горячев қол қойған, мөр басылған. Сол жақ жоғарғы бұрыштамасына төменнен жоғары қарата қиғаштай сойдақталып, «Үкiм тез орындалсын» деп жазған Қазақстан iшкi iстер халық комиссарының орынбасары Володьзко қол қойып, 26 ақпан деп көрсеткен. Бұл қатынас қағаздың нөмiрi — 00280238. Атылғандығын бiлдiретiн белгi тiзiмдердiң әрқайсысының сол жақ тұсына қойылған. Олар мыналар деп 37 адамның тiзiмi көрсетiлген.
8. Джансугуров Ильяс
25. Майлин Бейiмбет Жармағамбетович
36. Шанин Жумат Тургумбаевич
Бастан-аяқ осындай құжат тiлiне сүйенген Би-ағаңның бiрден-бiр iздеушiсi Тоқтар Бейiсқұлов «бiлгiрлер өзiн білдiруге құмартпайды» дегендей, сонша кiтаптар жазған еңбекқор қаламгер бола тұра, кеуде қағып, жұрт көзiне түсудi мақтаныш көрмейтiн шынайы салиқалы қаламгерiмiздiң бiрi. Мiне, осы арада айтылуға тиiстi негiзгi сөздiң бiрi, қазiр шамасы келгендер тарих бiлмейтiн бәленбай уақыт бұрын өткен түгенбай атасының даңқын шығаруды ойлап, барлық қуат-күшiн соған сарқа жұмсап әуреленiп жатқан кезде аталастық қаны жағынан (жерлестiгi жағынан да) үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Бейiмбеттей арысымыздың тағдыр жолына ондаған жыл уақытын құрбан етiп, ұрпақ үшiн, бүгiнгi ұлт мерейi үшiн тер төккен Тоқаңа зиялы қауым алғыс айтса артық болмас. «Көптiң қамын ойласаң — өз қамың соның iшiнде» деген. Оның көркем әдебиет жанрынан орын алатын «Қоштаспаймын, махаббат» хикаят кiтабы мен «Қаза мен аза» романы (2000 ж. «Т. Толғанай») әдеби сыншы, зерттеушiлерден әдiл бағасын әлi ала қоймаған дүниелер. Өйткенi, Тоқаң өз еңбектерiн әлдекiмдерге тықпалап, жылы лебiз бiлдiрсе екен деуден аулақ, тек өз жан дүниесiнiң жаралмыс, табиғи таразысымен жүредi. Аталмыш хикаятын «жылап отырып оқыдым» деген әйелдiң өз аузынан естiгенiмдi айта кеткiм келедi. Жазықсыз жапа шегiп, қан төккен саңлақтарымыздың асыл рухын мерейлендiре бiлген Тоқа, мерейтойыңыз халқыңыздiкi!
Жанат Ахмадидің “Әдебиет – жан нұры” атты кітабынан
adebiportal.kz