Аталар даңқы ұмытылмайды

«Мың өліп, мың тірілген қазақтың» бір баласының басынан кешкендері немесе майдангер, еңбек ардагері Жұмабай Нұрмағамбетұлы Қалақбасов туралы

Жалпы, 20 ғасырда қазақ халқының басынан қандай қиыншылық өтпеді десеңізші? 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Октябь революциясы, Кеңес Үкіметінің орнауы, кіші Ашаршылық, коллективтендіру, 1928-1930 жылдардағы шаруалар көтерілісі, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғыс, солай тізбектеліп кете береді, иә, бұл оқиғалар әр отбасыны шарпығаны белгілі. Бұл орайда, келіншегімнің атасы (яғни, қайын жұрт жағынан маған да ата болады ғой) – Жұмабай Нұрмағамбетұлы Қалақбасов туралы баяндамақпын.

Жұмабай Қалақбасов 1914 жылғы қазан айында Қостанай облысы Амангелді ауданының сегізінші ауылында (қазіргі Қайыңды ауылы) туған. Жастайынан өмірдің ыстық-суығын көп көріп, Қазақстанды жаппай шарпыған 1930 жылдардағы ашаршылықта Жезқазған қаласында тұратын нағашыларын сағалауға мәжбүр болады. Бұл оның бірінші рет аман қалуы еді.

Шаһардағы бастауыш орыс-қазақ мектебін тәмамдам, 1934 жылы ел ішіне қайта көшіп келеді. Бұл кез Қайыңды ауылында ұжымдастырудың нағыз қызған кезі екен, сөйтіп Жұмабай Қалақбасов бар болғаны 20 жасында бұрын ашаршылықта тоз-тоз болған ауыл тұрғындарының басын қосып, жаңа құрылып жатқан Қайыңды колхозының Төрағасы болып тағайындалады. Іскерлігімен, білімділігімен танылып, жұрттың алдында болады. «Бала басқарма» атанған оның еңбегі жоғары бағаланып, 1935 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының 15 жылдығына орай Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бірақ, заманның бағы тайып, қазақ даласындағы қудалау, репрессия, Сталин зұлматы күшіне еніп, 1938 жылғы 14 сәуір күні «халық жауы» ретінде қамауға алынады. Бар кінәсі табиғаттың тосын мінез танытып, егін шықпай қалуы екен. Сөйтіп, Жұмабай 10 жылға бас бостандығынан айырылып Қиыр Шығыстағы Амурдағы Комсомольск қаласына айдалып кете барады. Жұмабай Қалақбасов лагерь өмірінің бар қиыншылығын көреді, өзі де елде қалған ағайындары да ізденіп, ақыры 1940 жылғы 10 наурызда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары Сотының жарлығымен түрмеден босатылып, туған жеріне қайтып келеді.  Бұл оның екінші рет өлімнен қалғаны екен.

Атамекенінде қайта қызметке араласып, кешегі ауыр күндері ұмытыла бастағандай болған еді, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, келесі 1942 жылы Жұмабай Қалақбасов Кеңес әскері құрамына алынады. Қазақстанмен, біздің Қостанай облысымен іргелес Челябі облысында үш айлық әскери дайындықтан өтіп Батыс майданға соғысқа аттанады.

1943 жылы Сталинград түбіндегі жан алысып, жан беріскен соғыстың бел ортасында болады. Ұрыс даласындағы жарақатына қарамастан, ақтарылып жатқан ішек-қарнып қолымен басып, ішіне кіргізіп, әрекет жасап көрмекші болады. Сөйтсе, ішек дегенің бес саусақтың арасынан сусылдап шығып кете береді деседі. Бұл, үшінші жолы да оның көретін күні бар екенінің дәлелі.

Жау оғына қарамастан жас санитарка қыз Жұмабайды ойпаң жерге сүйретіп, кейін жарақат алған жауынгерлердің бәрін алып шығады. Жазылып шыққан соң, қайтадан соғыс майданына аттанады. Бірақ, келесі жолғы соғыста ауыр жарақат алады. Соғыстағы батылдығы, ерлігі үшін бірінші және екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің, «Даңк» орденінің иегері атанады. Челябінің әскери госпиталінде жатып емделіп, және бір аяғынан тізеден айырылады. Жұбайы Тұрсын және Рүстем деген ағайыны ат арбамен Челябіге барып, елге алып келеді.

Сонымен, туған жеріне қайтып келген соң, 1943-1951 жылдар аралығында кезегімен үш колхозда (Шақпақ, Ақсуат, Қайыңды) басқарма болады. Елде мектеп, монша салдырды, колхоз үшін көптеген техника алдырды. Тіпті, егін жиналғаннан кейін, ел халқының киім-кешегіне дейін түгендеп, Қостанайдан мата-шатамен бірге тігінші де қоса алғызып, киім тіктіреді. Қостанай облысы Амангелді ауданындағы алғашқы екі Социалистік Еңбек Ерінің бірі (Сәпин Баяхмет) ол басқарған колхоздан шықты. Халықтың көңілінен шығып, мұң-мұқтажын шешіп, елдің тіршілігіне көп көңіл бөледі, жұртшылықтың алғысын иеленеді. Дегенмен, кейін денсаулық жағдайына байланысты жеңілірек жұмысқа ауысады. 1951-1960 жылдары дайындау конторының меңгерушісі болып қызмет істесе, 1960 жылы Сарыторғай совхозы ашылғанда, меңгеруші қызметімен зейнеткерлікке шығады. Ел оның білімділігіне, адамдармен тіл табыса алуына және сауаттылығына орай «Жорға Жұмабай» деп те атап кетіпті. Ескі қиссаларды да, аңыз-әфсаналарды көп білген. Немерелеріне қазақтың ескі тарихын да айтып отырады екен. Жұмабай Нұрмағамбетұлы Қалақбасов 1990 жылы қайтыс болып, сүйегі елге қойылды.

Жұмабай Қалақбасов жұбайы Тұрсынмен елу жыл отасып, Мақсұтбек, Рахымжан, Бақытжан және Нақыжан деген ұлдарды және Гүлзира, Зәкия деген қыздары дүниеге алып келіп, тәрбиелеп өсірді, ал, олардың кейінгі ұрпақтары Қазақстанымыздың әр өңірінде тұрып жатыр.

«Мың тіріліп, мың өлген» қазақ баласының бірі — Жұмабай Нұрмағамбетұлы Қалақбасовтың басынан кешкендері міне осындай, ал, біз бабаларымыздың ерлік істерін кейінгі ұрпақ міндетті түрде біліп жүрсін деп қағаз бетіне түсірдік!

Амандық ӘМІРХАМЗИН

Мынаны да қараңыз

Төлен ӘБДІК: Тарих және тарихи тұлға

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *