2020 жылы Қостанай қаласында бірқатар жаңа ғимарат бой көтереді. Олардың ішінде төрт спорт нысаны бар: Мұз сарайы, шаңғы базасы, бассейн және триатлон паркі.
Мұз сарайы салынады
Жаңадан салынатын төрт ірі спорт нысанының бірі – Юбилейный шағын ауданындағы мұз сарайы. Қазір трибуналардың металл құрастырмалары жинақталып, шатыры жабылып жатыр. Ішкі инженерлік коммуникациялары жалғанып болып қалды. Құрылыстың негізгі бөлігін салған – чех-словак бірлескен компаниясы. Жобаның жалпы құны – 4 млрд 262 млн теңге. Оның 60%-ын (2 млрд 557 млн теңге) чех-словак кәсіпкерлері, қалған 40%-ы (1 млрд 705 млн теңге) облыстық бюджеттен бөлінді. Құрылыс аяқталғаннан кейін сарай ғимараты шетелдік компанияның меншігінде қалады.
«Жаңа сарайда ені 40 метр, ұзындығы 60 метр болатын стандартты мұз аренасы болады. Көлемі қала орталығындағы спорт сарайымен бірдей, бірақ, жанкүйерлерге арналған орындары 2,5 есе көп. Спорт сарайында 960 орын, жаңасында 2,5 мың орын бар. Үш спорт секциясын ашу жоспарлануда: хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек. Жас спортшыларды чех-словак жаттықтырушылары дайындайды» дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Виталий Бородин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында заманауи шаңғы базасы салынып жатыр. Жоба құрылысы жыл соңына қарай аяқталмақ. Мұндағы шаңғы-роллер трассасының ұзындығы 2,5 км болады.
Жергілікті спорт басқармасы мамандарының айтуынша, бұл нысандар Тобыл-Торғай өңірінде қысқы спорт түрлерін белсенді дамытуға мүмкіндік бермек. Назарбаев Зияткерлік мектебі жанынан салынатын бассейн құрылысы да биыл басталуы тиіс. Хауыз олимпиадалық стандарттарға сай: ұзындығы 50 метр және әрқайсысының ені 2,5 метрлік он жолы болады.
Ал Тобыл маңы паркінің ауданында тұрғызылатын триатлон паркінің құрылысы жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Төбедегі бассейндер
Үш қабатты Therma Park кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысанның әр қабатында бассейндер, моншалар, сауналар, барлар болады.
«Қазіргі сауда-ойын-сауық ғимаратының алаңы – 33 мың шаршы метр. Ал, жаңадан салынып жатқан кешеннің көлемі – 68 мың шаршы метр. Екеуінің арасын дәліздер арқылы байланыстырамыз. Барлық жұмысты аяқтаған соң, қос кешеннің жалпы аумағы 101 мың шаршы метр болады. Therma Park алаңы да ауқымды: 18 мың шаршы метр қыламыз. Сауда орталығының екінші ғимаратында 183 көлікке арналған автоматтандырылған паркинг және 600 орынға арналған ашық тұрақ пайда болады. Нәтижесінде көшедегі тұраққа бір мезетте 1000 автомобиль сыйып кетеді» дейді СОО маркетологы Дастан Қуантаев.
Therma Park кешенінің басты ерекшеліктері – бірінші қабаттағы теңіз суы бассейні мен екі жылы хауыз. Соңғылары ашық аспан астында қыста да жұмыс істей береді.
Оның айтуынша, СОО-да салынған Therma Park Ресейдің Ижевск қаласында да бар. Негізгі идея сол жақтан алынғанымен, Қостанайдағы кешенді жергілікті мамандар жобалаған.
Аэровокзал мен «корей көпірі»
Өткен аптада Қостанайдағы жаңа аэробекет құрылысының эскиздік жобасы бекітілді. Бұл жөнінде Instagram парақшасында Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев жазған еді.
«Қазіргі уақытта қолданыстағы аэровокзал ғимаратын жолаушылар терминалы ретінде қайта жаңарту бойынша жоба әзірленуде. Жоспарланғандай, ғимарат заманауи стандарттар бойынша салынады. Қалыптасқан жағдайға байланысты қайта жаңартуды осы жылы бастау мүмкін болмай тұр, сондықтан оны 2021 жылға жоспарлап қойдық» дейді Олжас Нұрғалиев.
2019 жылдың соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов терминал қайта жаңғыртылғаннан кейін әуежай әлемдік стандартқа сай келетінін мәлімдеген. Осылайша Қостанайға халықаралық ірі компаниялардың рейстері қонатыны айтылған. Егер көзделген іс толығымен жасалса, жолаушылар ағыны сағатына 200-ден 250-ге дейін артады деген болжам бар.
Тағы бір жоба: Қостанай мен Тобыл қаласын арасындағы көпір кеңейтіледі. Көпшілік арасында ол «корей көпірі» аталып кеткен. Мердігер серіктестік құрылыс жұмыстарына кірісіп те кетті. Жобаға сәйкес, көпірдің екі бағытты жүру жолағы төртеу болады. Жоспар бойынша нысан әуелгі орнынан әлдеқайда солға қарай (егер Заречный ауылы жағынан қарайтын болса) жылжытылады. Бұрынғы көпірдің бұрылыстары бар-тын, жаңа жобада Көбеев көшесінен тіке шығатындай етіп қарастырылған. Жолаушылар көлігі басқармасы хабарлағандай, әзірге ескі көпірді пайдалана тұруға болады. Қозғалыс тек 2022 жылдың соңына қарай уақытша шектелмек. Жаңа құрылымды Көбеев көшесіне жалғағанша бірер ай ғана кетуі тиіс.
Юбилейный шағын ауданындағы 1200 орындық екі тілде оқытатын мектеп пен күрделі жөндеуден кейін жаңа кейіпке енген орталықтағы Марал ишан мешітінің салтанатты түрде ашылылуы биыл өтеді.
Бұдан басқа жаңа жобалардың қатарына Қонай шағын ауданындағы көпсалалы аурухана құрылысын жатқызуға болады. Instagram желісінде өңір басшысы Архимед Мұхамбетов хабарлағандай, онда кардиохирургия, нейрохирургия, терапия және хирургия бөлімшелері жұмыс істейді. Эндоскопиялық, сәулелік, зертханалық және изотоптық диагностика жүргізу де мүмкіндіктері де қарастырған. Медициналық мекеменің шамамен алғандағы қуаты – 400 төсек орын. Ал құрылыстың қашан басталатыны және қандай сомаға салынатыны әлі нақтыланған жоқ.
Аслан ҚАНҒОЖИН,
ҚОСТАНАЙ
baq.kz