«Халық ба­тыры» көрмесінің тарихи, мә­дени мәні зор — Мәдениет және спорт вице-министрі

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жетек­шілерінің бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында Астанадағы Ұлттық музейде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжі­рибелік конференция өтіп, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Халық батыры» көрмесі ашылды, деп жазды Aikyn.kz.

Шараға Қостанай және Астана қалаларының Мәдениет басқар­масы өкілдері, мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, 1916 жылғы қозғалысқа қатысушылардың ұр­пақтары, ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты. Мәдениет және спорт минис­тр­лі­гінің қолдауымен ашылған көр­мені Қостанай облысының әкімдігі мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырып отыр.

«Халық батырының» көрмесін Мәдениет және спорт вице-ми­нис­трі Нұрғиса Дәуешов ашып беріп, қазақтың маң­дайына біткен қаһармандар мен қайраткерлердің мерейтойын ке­ңінен насихаттау қажеттігіне тоқ­талды.

Амангелді Иманов қазақтың тұтастығы мен бірлігі жолында өмі­рін қиды, бүгінде берекесін кө­ріп отырған тәуелсіздігіміздің бастауы осындай ата-бабамыздың батырлығы мен табандылығының арқасында келді десек, қателес­пейміз. Биыл Сұлтан Бейбарыс ба­бамыздың 800 жылдығы, Аман­гелді атамыздың 150 жылдығы, ағартушы, мемлекет қайраткері Те­мірбек Жүргеновтің 125 жыл­дығы тойлануда. Мұндай айтулы даталарды халыққа, келер ұрпаққа насихаттау аса маңызды. Осы орайда Амангелді Имановтың мерейтойына арналған «Халық ба­тыры» көрмесінің тарихи, мә­дени мәні зор, – деді ол.

1916 жылғы ұлт-азаттық қоз­ға­лысқа қатысушыларды еске алу – елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс. Ел та­рихын әйгілі тұлғалар арқылы зер­делеу халық тағдырындағы аса маңызды өзгеріс болып танылатын аумақтар үшін күрес, сыртқы жауға қарсы тұру, мемлекеттің бостан­дығы мен тәуелсіздігін қорғау, ма­ңызды саяси және мәдени же­тіс­тіктермен байланысты. Осын­дай тұлғалар қатарында 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтерілістің бас­шыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысу­шы­сы Амангелді Иманов бар. Ба­тыр бабамыз көтеріліске дейін қа­зақ даласында халықтың азатты­ғы үшін күрескер, отарлық тәр­тіп­ке қарсы адам ретінде танылған.

көрме

Шарада сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ри­нат Мұхаметқалиев аймақ бас­шы­сы Құмар Ақсақаловтың тапсыр­ма­сымен Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойына байла­нысты арнайы жоспар бекітілгенін айтты.

Арнайы жоспар аясында об­лыс аумағында бірқатар ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Мә­селен, Амангелді Имановтың ме­мориалдық музейін жөндеуге, аудан орталығында орналасқан батыр ескерткішінің аумағын абат­тандыруға облыстық бюджет­тен тиісті қаражат бөлінді. Оған қоса, Амангелді аудандық мәдениет үйін, аудандық балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебін жөн­деуге, керекті жабдықтарын алуға арнайы қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта конкурстық рә­сімдер өткізілуде. Барлық жұмысты қыркүйек айында өтетін негізгі мерейтойлық іс-шараларға дейін аяқтау жоспарланған, – деді ол.

Жалпы Қостанай облысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­лістің тарихын зерделеуге, оған қатысқан тұлғалардың есімде­рін дәріптеуге байланысты бір­қатар іс-шара атқарылып келеді. Ринат Мұхаметқалиев мерген Кейкі ба­тыр Көкембайұлының сүйегі елге қайтарылып, 2017 жы­лы кесенесі салынып, ұлық­тап, жерлеу рәсімі өткізілгенін атап өтті.

Бүгінде бұл кесене жалпы­ұлт­тық маңызы бар қасиетті ны­сандар тізіміне енгізілген. Соны­мен қатар облыстық ономас­ти­ка­лық комис­сия отырысында Ар­қалық қала­сына қарасты Жаңақала ауылына ұлт-азаттық көтерілістің әмірі бол­ған – Әбдіғаппар Жан­бо­сын­ұлының атын беру ұсы­ныл­ды. Бұл мәселе алдағы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қолдау табады деп күтіп отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

сурет

Көрмеге батыр бабамыздың ұр­пағы – немересі техника ғы­лымдарының кандидаты Батырлан Амангелдиев қатысты. Ол Аман­гелді Имановтың ұлы, соғысқа дейін журналист болып қызмет атқарған, соғысқа аттанып, Бо­родино селосының түбінде болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан Рамазанның баласы.

Атам менің өмір жолыма үл­кен із қалдырды. Амангелді атамды халық батыры ретінде алғаш рет 10 жасымда таныдым. 1949 жыл бо­латын, сыныптасым қолыма газет ұстатып, мұнда сенің атаң туралы мақала жазыпты деді. Әлгі газетті қолтыққа қыстырып алып, үй жақ­қа беттедім. Сөйтіп, бірнеше қай­тара жаңағы мақаланы оқы­ғаным есімде. Тіпті, жазбаның со­ңында менің есімім аталатын тұсы бар. Содан бері міне, жарты ғасырдан астам уақыт өтті, техникалық ма­мандық меңгеріп, басқа салада қыз­мет істеп жүрсем де өмір бо­йына атамның өмір-тарихы мен жүріп өткен жолына ден қойып, өзімше зерттеп келемін. Зейнетке шыққаннан бері ол туралы тарихи, мұрағат материалдарын жинауды бастадым. Нәтижесінде, 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жыл­дығына орай атам туралы кі­та­бым жарық көрді. Амангелді Има­нов туралы көп туынды жа­зылды, әлі де талай кітап басы­ла­тын болар. Ұлт батырын ұлықтап жатқан ұр­пағына алғысым зор. Бүгінгі шара да сондай игі істер­дің бірі, шақырту алғаныма қуа­ныш­тымын, – деді Батырлан Рамазанұлы.

Көрмеге тыл жұмысына ша­қыру туралы патша жарлығының жариялаған мұрағат құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, батырдың туыстарының жеке зат­тары, сарбаздардың қару-жарақ­тары қойылған. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басқа да бас­шылар мен батырлардың су­реттері мен деректері бар. Сондай-ақ, әйгілі суретші Әбілхан Қас­теевтің, бейнелеу өнер шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұр­мұ­хамедовтің кескіндеме туын­ды­ла­рымен, мүсінші Хакімжан Нау­рызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белос­тоц­кийдің мүсінді жұмыстарымен таныса аласыз. Көрме Астанадағы Ұлттық музейде 3 мамырға дейін жұмыс істейді.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...